15
Мамыр

«Ақ жол» және көгілдір ленталар - Казакстан-Zaman (Алматы)

«Ақ жол» депутаттары Мәжілістің пленарлық отырысына Жеңістің 70 жылдығының құрметіне орай, қазақстандық батырлардың аты жазылған көгілдір ленталарын тағып барды. Негізі көгілдір ленталарды «Ақжол» партиясы 2013 жылдан бастап, Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні және басқа да мемлекеттік мерекелердің, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында тарата бастаған болатын.
Георгиев лентасына байланысты, «Слуги народа» бағдарламасына (белгілі журналист Антон Платоновтың) өткен жылдың сәуір айында «Ақ жол» көшбасшысы Азат Перуашев қатысып, лентаның Украинадағы ағайындардың бір-бірін өлтірген соғысы кезінде қолданылуы рәміздің беделін түсіргенін атап өткен еді. «Сондықтан да біз Георгиев лентасынан бас тарттық және біздің туымыздың оюларының кесінділері бар. Сонымен қатар қазақстандық батырлардың аты-жөні жазылған көгілдір ленталарды дайындадық.
Әрине, бұл бүкіл Кеңес Одағының, сондай-ақ, қазақ халқының да жеңісі, — деген пікір білдірді.
Әлемді фашизмнен босатқан ардагерлерге ризашылығын білдіру ишаратымен, «Ақ жол» партиясы қазақстандықтарды Туымыздың бір бөлшегі— 'еске алу көгілдір лентасын' киімдеріне тағып алуға, сөмкелеріне немесе автокөлік антеннасына байлап алуға шақырды.
Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлының, Төлеген Тоқтаровтың, Нұркен Әбдіровтың, Талғат Бигельдиновтың, Рахымжан Қошқарбаевтың, Қасым Қайсеновтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, Хиуаз Доспанованың және мыңдаған басқа батырлардың ерліктерінің арқасында, жалпы жеңіс қазақ халқының да жеңісі болды деп санайды «ақжолдықтар».
Бастапқыда 'еске алу лентасы' «Ақ жол» партиясының мүшелері үшін өзінің эмблемасымен шығарылған болатын. Бірақ көптеген басқа азаматтардың сұрауымең «Ақ жол» ҚДП логотипінсіз қосымша ленталар топтамасы дайындалды.
Биылғы жылы осындай ленталардың шығарылуы бұқаралық сипатқа ие болды. Ленталар басқа да қазақстандық ұйымдармен таратылды. Өкінішке қарай, ресейлік көптеген баспасөздер Георгиев лентасының орнына жаңа лента жасаған қазақстандық тарапты АҚШ-тың қоздыруымен жүріп жатыр деп шулай жазғанын да білеміз. Жазғандарының бірізділігіне қарасаң, арық жағасында бақылдап жататын бақалардан үлгі алған ба дерсің! Тіпті, тәуелсіз ел ретінде таңдау құқымыз бар дегенді айтқызып үлгертпей, бір лентаның өзіне жата кеп жағаласты...
Дерекнама - Казакстан-Zaman (Алматы), № 19 (1043), 14.05.2015