«Ақ жолдың» алаш бағдарламасы талқылауға ұсынылды /Сәбит Байдалы, «Ақ жол» партиясы OK хатшысы/ - Казак yнi (Алматы)
2014 жылдың 13-інші желтоқсанында Астана қаласында «Ақжол» КДП Орталық кеңесінің Пленумы болып өтті. Онда Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының жаңа Саяси бағдарламасы қабылданды. Бұл партия өміріндегі үлкен оқиға. Партияның Орталық кеңесі сондай-ақ тағы бір аса маңызды шешім қабылдады. Партияның Саяси бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде әзірленген «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының жобасы» негізге алынып, оның аса маңызды құжат екендігі ескеріліп, ол барлық партия ұйымдарында екі ай ішінде кеңінен талқыланып, жыл басы - наурыз айының 22-і қарсаңында партияның жоғары басшы органдарының бірімен қабылдануы үшің ұсынылатын болды.
Бүл іс жүзінде Партияның жаңа Саяси бағдарламасымен қатар, Алаш тақырыбы бойынша жеке Бағдарлама қабылданатын болып отыр деген сөз. «Ақ жол» партиясы үшін атқарылуға тиіс шаралардың практикалық жағы маңызды. Біздің дәстүрге енген Жалпыұлтты байқауымыздың, оның қорытындыларымен шығып жатқан кітаптар сериясы тіпті де тегіннен тегін «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» аталып отырған жоқ. Алаш біз үшін өткен шақ қана емес, ол біз үшін осы шақ және келер шақ. Бізге Алаш тарихына жаңаша көзқараспен қарап, атқарып жатқан істерімізді дамыта отырып, Алаш идеяларын, бастамаларын, құндылықтарын бүгінгі және келер күндердің кәдесіне жаратуға бағытталған, замана талабына сай кешенді іс-шаралардың жиынтығын қамтып тұжырымдау керек болды. Бағдарламада Алашорданы (2017 жылы құрылғанына 100 жыл толады), Әлихан Бөкейхан (2016 жылы туғанына 150 жыл толады) бастаған Алаш арыстарын лайықты ұлықтау бойынша нақты ұсыныстарымызды жария етіп, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары мен көзқарастарының қысқаша тұжырымдамалық негіздерін жасадық. Соған сәйкес бағдарламалық міндеттеріміз бен оны орындаудың тетіктерін белгілеуді жөн деп таптық. «Ақ жол» демократиялық партиясы, әрине, қолда бар мүмкіндіктер аясында әрекет етеді. Біздің қолымыздан тікелей келетін іс бар, біз ықпал етіп, атқарта алатын іс бар. Партия өзінің саяси-ағартушылық жұмыстарында - мемлекет пен қоғамды дамытудың келісімді жолдарын қарастыру мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен, тарихи-ғылыми ортамен, қоғамдық бірлестіктермен, өзге де Алаш тарихына бей-жай қарай алмайтын ұйымдармен өзара ынтымақтастығын дамытып, бірлесіп іс-қимыл жасауға ұмтылады. Бағдарламада көрсетілген міндеттердің көпшілігін Қазақстан Республикасының үкіметінің қатысуынсыз шешу қиын. Сондықтан да «Ақ жол» партиясы өзінің Парламенттегі фракциясы арқылы Үкіметтің тарих, қазақ және қазақ елі болашағының алдындағы жауапкершілігін үнемі есіне салып, тиісті шаралар қабылдауды, қабылданған шешімдердің орындалуын талап ететін болады...
«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен Алашқа қатысты жеке Бағдарлама жасауға талпыныс, жалпы, Қазақстан Республикасы партия құрылысы тарихында тұңғыш рет болып отырғандықтан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алаштанушы ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Маңызы зор құжатты дайындауға аталған университеттің елімізге танымал алаштанушы ғалымдары Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққры кеңестерімен, нақты ұсыныстарымен атсалысты. Алаш десе, «ішкен астарын жерге қойып», «жарғақ құлақтары жастыққа тимей» еңбек етіп жүрген осы абзал азаматтарға ынта-ықыластары мен нақты қолдаулары үшін зор алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Бағдарламаны өзі басқаратын, бүгінде бар қазақтың үніне айналған - «Қазақ үні» газетіне басып, жұртшылық талқысына ұсынуға мүмкіндік жасап отырған Алаштың ардақты азаматы, арқалы ақыны, әріптесіміз Қазыбек Исаға ризашылық сезімімізді білдіреміз.
«Қазақ үні» газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталы оқырмандарына, жалпы осы тақырыпқа қызығушылық танытып, ой-пікірлерімен бөлісушілерге, Сіздер көтерген өзекті мәселелер мен құнды ұсыныстарыңыздың Бағдарламаның соңғы нұсқасында ескерілетінін хабарлаймыз.
Қазақ хандығының 550 жылдығы өтетін 2015 жылдың ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын, ұрпақтар эстафетасының сипатын иеленіп, қазақ тарихының кезеңдік белестері болып саналатын Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын атап өтуге байланысты мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды байыптап, тиянақтайтын жыл болуын тілейміз!
Дерекнама - Казак yнi (Алматы), № 51 (659), 19.12.2014