18 ақпан 2025 жыл, “Ақ жол” Демократиялық партиясының баспасөз бөлімі
«Ақ жол» демократиялық партиясы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) енгізген жүк вагондары дөңгелек жұптарының жоталары қалыңдығына шектеу қою мәселесі бойынша әділ шешімге қол жеткізді.
Еске салайық, 2025 жылдың 15 қаңтарынан бастап ҚТЖ жаңа талаптар енгізіп, оған сәйкес халықаралық тасымалдауға қатысатын вагондардың дөңгелек жұптары жоталарының ең төменгі қалыңдығы 26 мм болып белгіленген болатын. Бұл жаңашылдық қазақстандық тасымалдаушылар, астық компаниялары мен вагон операторлары арасында наразылық тудырды, себебі, ол халықаралық стандарттарға қайшы келіп, отандық бизнес үшін дискриминациялық шарттар туғызады.
Кәсіпкерлердің көптеген өтініштеріне орай «Ақ жол» депутаттық фракциясы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Бас прокурорына ресми сауал жолдады. Онда партия заңнама мен ЕАЭО техникалық регламенттерін бұзу фактілерін, сондай-ақ негізсіз талаптарға байланысты нарық қатысушыларының қомақты қаржылық шығындарын атап өтті.
«Ақ жолдың» депутаттық сауалынан кейін дөңгелек жұптары жоталарының қалыңдығына қатысты ҚТЖ-ның тиісті бұйрығы тоқтатылды. Енді Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес 25 мм-ден 33 мм-ге дейінгі техникалық регламентте белгіленген шекті меже қайтадан күшіне енді.
Бұл нені
білдіреді:
Қазақстандық
тасымалдаушылар мен вагон операторлары қайта жарақтандыруға қосымша шығынсыз
жұмыс істей алады.
Астық пен басқа
да жүктерді экспорттаудағы кедергілер жойылып, келісім-шарттардың бұзылуына
және бизнестегі шығынға жол берілмейді.
Қазақстандық теміржол тасымалы нарығындағы дискриминациялық жағдайлар жойылып, қайтадан ЕАЭО стандарттарына сәйкестендірілді.
«Ақ жол»
фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және сайлаушылардың
өтініштерін орындау бойынша жұмысты жалғастырады.