31 мамыр 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
Бүгін – 31 мамыр, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу
күні. Осыған орай Ақ жол демократиялық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық
филиалының төраға орынбасары Меруерт Смағұлова, облыстық партия кеңесінің
мүшелері мен «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің, әкімшілік және Қазақстан
халқы Ассамблеясы өкілдерімен бірігіп, Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік
монументі маңына жиналды.
Алаш арыстарының барельефі орналасқан бұл маңда гүл шоқтары қойылып,
олардың рухына Құран бағышталды. Шараға қатысушылар алаштықтардың портреттерін
көтеріп, жазықсыз жапа шеккен ерлердің ерлігіне тағзым етті.
«Бұл – еркіндік жолында жанын пида еткен арыстар алдындағы азаматтық
парызымызды өтеу. Біз Алаш мұрасын ұлықтау арқылы елдің тәуелсіздігін,
бірлігін, тарихын қадірлеуді ұрпақ санасына сіңіреміз», - деді партия филиалы
төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлова.
Зерттеушілер дерегіне сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 125
мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы ату жазасына кесілген.
Қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы қайғы-қасірет халқымыздың жадында мәңгі
сақталады.
Ақ жол партиясы ұлт мүддесі жолында күрескен тұлғалардың есімін ұлықтауды
жалғастыра береді.






