23
Қазан

Ақжолдықтар мемлекеттік холдингтардың табыс дивидендінің бюджетке аударымын әлдеқайда ұлғайтуды талап етеді

23 қазан 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» депутаттары мемлекеттік холдингтардың табыс дивидендінің бюджетке аударымын әлдеқайда ұлғайтуды талап етеді – бұл туралы Азат Перуашев 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында мәлімдеді.

«Бюджетті толтырудың сүбелі резервін Самұрық-Қазына» әл-ауқаттық қоры, «Бәйтерек», «Қазагро» сынды мемлекеттік холдинг пен ұлттық компаниялардың табысынан көруге болады».

Егер республикалық мемлекеттік кәсіпорындар бюджетке дивиденд есебінен 50%-ға дейін табысын бөліп отырса, аталмыш мега-субъектілер үшін мүлдем бөлек параметрлер белгіленген.  Мысалы, 2018 жылғы таза табыс көлемі «Самұрық-Қазынада» 821 млрд теңге болса, «Бәйтерек» холдингінікі 80 млрд теңгені құраған. Субъектілердің ел экономикасының 60%-н құрап отырғанына және оның көп бөлігі дәл осы бюджеттен келетініне қарамастан, олардың жыл соңындағы мемлекет пакет акциялары дивиденді 19 млрд теңге, яғни табыстың 2%-ын ғана құраған.

Таяуда Үкіметтің бюджетті нақтылау барысында аталмыш дивидендтердің 50 млрд теңгеге өсуі қуантарлық дүние.

Соның өзінде бұл мемлекеттік холдингтердің таза табысының 10% ғана құрайды.

«Осыған орай, «Ақ жол» партиясы орын алған мәселені қайта қарап, квази мемлекеттік сектордың бюджетке бөлінетін дивидендін ұлғайтуды міндеттеуді сұраймын», - деді Перуашев.

Партия депутаттары мемлекеттің азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп жатқан кезінде, бюджетке кірісті квази мемлекеттік сектор тарапынан ұлғайту керек деп есептейді.