13
Наурыз

«Ақ жол»:Екпе шарасы бойынша халық міндетті түрде хабардар етілуі керек - Казак унi (Алматы)

 
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К,Қ.Мәсімовке Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Қазақстанда қызылшаға қарсы қосымша иммундау үшін Үндістанда шығарылған 1 млн. вакцина дозасы сатып алынды және 2015 жылдың 19-ақпанына дейін 500 мыңға жуық жасөспірімдерге екпе жасалды.
Аталмыш шара барысында 11-ақпанда қызылшаға қарсы екпеден кейін Теміртау қаласындағы медициналық колледжінің екпе жасалған 178 студентінің ішінен 18-і ауруханаға түсті.
БАҚ мәліметтері бойынша, Маңғыстау облысында 60-қа жуық жасөспірімдер ауруханаға түсіп, оның жетеуі жан сақтау бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ Атырау қаласы мен Бейнеу ауылының әрқайсысында қызылшаға қарсы екпеден кейін ауруханаға жатқызылған алты жағдайдан тіркелді. Бұдан басқа, Жаңаөзен қаласының ауруханасында екпеден кейін түрлі шағымдармен түскен 35 адам қалып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауы бойынша, иммундау 2015 жылдың 2-наурызына дейін тоқтатылды. Бұл уақытқа дейін тексеру және вакцинаға сараптама жүргізуді аяқтау жоспарланып отыр.
Алайда, аталған жағдайлардағы алдын ала тексеру нәтижелері бойынша, шенеуніктер бұл иммундаумен байланысты емес және жас өспірімдердің жасына тән, психоэмоциялық және сезімталдықтың салдары деп бағаланып, сендіріліп отыр. Сонымен қатар, тұрғындар қызылшаға қарсы вакцинаны еккенде оның жақпау немесе кері әсерінің болатыны жайлы хабардар етілмеген.
«Ақ жол» депутаттық фракциясы бірнеше жыл бойы вакцинация жүйесінде тәртіп орнату туралы мәселелерді әрдайым көтеріп отырғандығын, папиллома вирусына қарсы вакцинацияның кері зардаптары туралы екі рет сауал жасағанын еске түсіреміз. Біз ата-аналарға жағымсыз салдарлардың және жанама әсерлердің ықтималдығы туралы міндетті түрде жазбаша хабарлай отырып, вакцинацияны тек ерікті режимде ғана жасауды ұсынған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігі өзінің жауабында халық ішінде ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуді уәде еткен және вакцинация ерікті негізде ата-аналардың жазбаша келісуімен жасалады деп мәлімдеген-ді.
Бүгін қызылшаға қарсы вакцинация жасау кезінде жақпаушылықтар және жанама салдардың болуы туралы хабарлауға не кедергі болып тұр? Барлық адамдар, соның ішінде біз де, өзіміздің жақындарымызды жаман аурулардан сақтап қалғымыз келеді. Бірақ бұны, жақсылап зерттелген, ең бастысы, қауіпсіз дәрі-дәрмектермен жасау керек. Біз, вакцинация жасау кезінде ата-аналарға, жанама белгілердің қатерлерін қоса алғанда толық ақпарат берілуі тиіс деп есептейміз.
Сонымен бірге, уәкілетті мемлекеттік орган ата-аналарды вакцинацияның жағымсыз салдарларының болуы мүмкін екендігі туралы ескертіп, қолдарын қойғызып, өз баласының вакцинацияға келісімі туралы шешімді саналы түрде таңдау еркіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.
Бүгін, Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы аталған үнділік вакцинаны сапасыз деп танығаны белгілі болды.
Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, Сізден, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, осы жағдайды реттеп және халыққа алдын алу екпелерін халықты міндетті түрде хабардар етуді есепке ала отырып, өткізуге бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдауыңызды сұраймыз.
Сауалды қарастыру нәтижелерін Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген тәртіппен хабарлауыңызды сұраймыз.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары 2015 жылдың 25 ақпан

Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 9 (668), 03.03.2015