17
Сәуір

«Қабдеш Жұмәділов шығармаларындағы қоғам шындығы» тақырыбында әдеби талқылау өтті

17 сәуір 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының Жастар кеңесі Дулати университетінде болашақ филологтар мен журналистер арасында «Қабдеш Жұмәділов шығармаларындағы қоғам шындығы» тақырыбында әдеби талқылау өткізді.

Іс-шарада партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова келесі жылы 90 жылдығы атап өтілетін халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовтың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі.

Еске сала кетсек, ақпан айында «Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев қазақтың тағы бір көрнекті тұлғасы, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің де 90 жасы ұмыт қалмауы керектігін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Сейсекүл Дүйсебайқызы өз сөзінде осыны айрықша атап өтті. Осыған орай партияның Жастар кеңесі қаламгердің шығармаларын жастар арасында насихаттауды бастап кеткенін жеткізді.

«Партия төрағасы Азат Перуашев депутаттық сауалында: «Қабдеш Жұмаділ барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, тіліміз бен дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегін мойындағанымыз жөн», деп атап көрсетті. Жазушының қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Біз қаламгердің қалдырған мол мұрасын жастарға насихаттауға тиіспіз», - деді Сейсекүл Дүйсебайқызы.

Жиында «Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының Жастар кеңесінің төрағасы Қадыржан Есенов жазушы шығармашылығына арналған арнайы бейнероликті таныстырды. Студенттер өз ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойды.