28 шілде 2025 жыл, Шымкент қалалық филиалы
Шымкент қаласында баспанасыздық пен әлеуметтік қолдаудың жетіспеушілігі –
көп балалы аналар мен мұқтаж отбасылар үшін шешімін таппаған күрделі
мәселелердің бірі. Осыған байланысты үш тұрғын «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық
филиалына келді, олар осыған дейін де бірнеше жерге барып,арызданып көмек ала
алмағандарын айтты.
Филиал төрағасының орынбасары Шуханов Адай Кенжебайұлына жүгінген аналардың
әрқайсысы – көп балалы, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған
отбасылар. Олардың бірі 2020 жылдан бері бар-жоғы 17 шаршы метрлік пәтерде
жұбайы мен бес баласымен бірге тұрып жатыр. Бөлмеде екі ерекше бала бар, олар
үйден оқиды. Алайда тар әрі жайсыз баспана балаларының денсаулығы мен білім
алуына кедергі келтіріп отыр.
Бұдан бөлек, кейбір отбасылар тұрмыстық қолайсыздықтарды да алға тартты.
Пәтер есігінің қауіпсіздігі, мүмкіндігі шектеулі балалардың құрал-жабдықтарға
(мысалы, көзілдірікке) зәрулігі де өзекті мәселе болып тұр. Осы ретте аналар
демеушілік көмекке де зәру екендерін жасырмады.
Олардың жағдайына бейжай қарамаған қалалық филиал төрағасы Аширбаев
Батырбек Мырзакелдіұлы азаматтардың бірінің баспанасына темір есік орнатып
беруді өз мойнына алатынын жеткізді.
Сондай-ақ аталған мәселелер бойынша тиісті мекемелерге ресми хат жолданатын болады.
