01
Желтоқсан

«Әр қазақ менің – жалғызым» дәстүрлі фотобайқаудың қорытындысы шықты

1 желтоқсан 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әр қазақ менің - жалғызым» атты дәстүрлі фотобайқауын жариялаған болатын.

Байқаудың негізгі мақсаты – портреттік, тақырыптық және өзге де жанрлар арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан қазақстандықтардың бейнесін ашу, Алаш ұстанымын насихаттау.

Жұмыстарға дауыс беру «Ақ жол» партиясының ресми сайтында 25 қазаннан – 25 қарашаға дейін жүргізілген болатын. Биылғы байқауға барлығы 120 автордан 600-ге жуық жұмыс келіп түскен. Дауыс беру нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинаған 40 жұмыс пен тақырыпқа сай 12 жұмыс іріктеліп, комиссия қарауына жіберілді. Комиссия құрамында әйгілі фотожурналист, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымов, белгілі журналист Қайнар Олжай секілді бірқатар танымал тұлғалар қазылық жасады.

Жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімін алғысөзімен ашқан «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев барлық қатысушыларды 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.

  • «Ақ жол» партиясы дәстүрлі түрде ұйымдастырып жүрген «Әр қазақ менің - жалғызым» фотобайқауы жылдан жылға танымалдылығы артып, фотоөнер әлеміндегі айтулы шараға айналып келеді. Жалпы, бұл конкурсқа өз саласының маманы саналатын кәсіби фотосуретшілермен қатар, жас әуесқой фотоөнершілер де қатысып жатыр. Алдағы уақытта бұл конкурста әуесқой фотосуретшілерге арнап жаңа номинация ашуды ұсынамын, - деді Азат Тұрлыбекұлы.

Ал, әділқазылар алқасының төрағасы Асылхан Әбдірайымовтың айтуынша, биыл қазақ фотоөнеріне 180 жыл толып отыр.

  • Алғаш рет 1841 жылдың 6 желтоқсанында Жәңгір хан Бөкей ордасында алғаш фотокөрме ұйымдастырған болатын. Яғни, биыл қазақ фотоөнеріне 180 жыл толып отыр. Биылғы байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар жұмыстары тақырыптық жағынан, сапа жағынан барлық талаптарға жауап береді, - деді А. Әбдірайымов.

Жалпы, әділқазы алқасының төрағасы Асылхан Әбдірайымовтың айтуынша, Бас жүлдесі 1 000 000 теңге құраған «Әр қазақ менің - жалғызым» атты дәстүрлі фотобайқауы Қазақстандағы қаржылық сыйақысы ең жоғары фотобайқау болып табылады.

Қазылар алқасының мүшесі Қайнар Олжай кенжелеп қалған қазақ фотоөнерін насихаттап, қолдауда үлкен еңбек атқарып отырған «Ақ жол» партиясына алғысын жеткізді.

  • Қазақ фотоөнері соңғы жылдары кенжелеп, өгей баланың күйін кешіп келді. Фотоөнер қазақ тарихынан сыр шертетін, талай ақтаңдақ жылдарды бейнелеп қалған үлкен өнер саласы. Осыған дейін фотоөнер мәселені ешбір қоғамдық ұйым, ешбір партия көңіл бөлмей келген еді. «Ақ жол» партиясы осы идеяны назарға алып, дәстүрлі фотобайқау ұйымдастырып жүргені өте қуантарлық жағдай. Конкурсқа қатысушылардың жұмыстары Қазақстанның бүкіл географиясын қамтыған. Қазақстанның Тәуелсіздігіне еңбегі сіңген саңлақ тұлғалардан бастап, қарапайым ауыл тұрғындарының өмірін ашатын суреттер бар. «Ақ жол» партясы Алаш ұстанымын насихаттап жүргені әмбеге аян, биылғы конкурсқа сол Алаш тақырыбын арқау еткен фотосуреттер де көптеп келгенін атап өту керек. Қазылар алқасы авторлар суреттерін ең алдымен дауыс беру нәтижесі, сонымен қатар, фотолардың сапасы, тақырыпты аша білуі секілді критерийлермен бағаланды, - деді Қ. Олжай өз сөзінде.

Салтанатты марапаттау рәсіміне «Ақ жол» фракциясының депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты. Жүлдегерлер мен лауреаттар естелік грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Әр қазақ менің – жалғызым» дәстүрлі фотобайқауының жүлдегерлері: