3 мамыр 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан сайланған Меркі аудандық мәслихатының депутаты Айғаным
Шынарбек жұмыс тобымен бірге емдеу мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілген
зерделеу жұмыстары барысында депутаттар Меркі аудандық көпбейінді аурухана мен
аудандық емхананың жай-күйімен танысты.
Ғимараттардың техникалық жағдайы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы
тексерілді. Медициналық қызмет көрсету сапасы – тұрғындарға көрсетілетін
қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі назарда болды.
«Амбулаториялық және стационарлық деңгейде дәрілік заттар жеткілікті ме?
Зерделеу барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аудардық.
Жұмыс тобының шығарған қорытындысы аудандық мәслихат сессиясында талқыланып,
нақты шешімдер қабылданатын болады», - дейді Айғаным Шынарбек.
Ақжолдық депутат ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы мәселесі өзекті екенін
айтады. Сондықтан, зерделеу барысында кадрлық қамтамасыз ету, дәрігерлер мен
медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі, жүктемесі мен жұмыс жағдайларына
назар аударғанын жеткізді.

