23 қыркүйек 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы
Түркістан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Қазығұрт аудандық
мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы Айбек Мықтыбайұлы
Түркістан облысы жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысына қатысып, өңірдегі
құрылыс жұмыстарының барысына қатысты маңызды ұсыныстарын жеткізді.
Отырыста облыстық құрылыс басқарма
басшысының орынбасары Оразбеков Байдулла Жумадуллаұлының баяндамасы тыңдалып,
өңірде салынып жатқан нысандардың сапасы, құрылыстың белгіленген тәртібі мен
пайдалануға беру мерзімдері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар мемлекеттік
бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан көпқабатты және жеке тұрғын үйлер,
әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнінде толық ақпарат берілді.
2025 жылы облыс көлемінде 1 млн 60 мың
шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде:
• Көпқабатты
тұрғын үйлер – 428,8 мың ш.м. (578 арендалық пәтер, 2 015 кредиттік пәтер).
• Жеке
тұрғын үйлер – 631,2 мың ш.м.
Жалпы құрылыс жұмыстарының құны 584,2 млрд
теңгені құрайды. Ал 2027 жылға қарай әр тұрғынға шаққандағы тұрғын үй алаңы
22,2 шаршы метрге жеткізілмек.
Айбек Мықтыбайұлының айтуынша, аудан орталықтарында
салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің орталықтандырылған кәріз жүйесінің
болмауы бірқатар мәселелерді туындатуда. Уақытылы тазаланбаған септиктерден
шыққан сулар мен жағымсыз иістер тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық әкелуде.
Осыған байланысты ол жаңа көпқабатты үйлерді салу алдында ең әуелі
орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізуді ұсынды.
Сонымен қатар депутат үйлерді тек аудан
орталықтарында ғана емес, ауылдық округтерде де салу қажеттігін атап өтті.
Себебі ауылға келген жас мамандардың тұрақтайтын баспанасы болмауы – үлкен
кедергі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген жас кадрлар өздеріне
тиесілі үй таппай әбігерге түсуде. Бұл ауылдардың әлеуметтік дамуына да кері
әсерін тигізуде.
Айбек Мықтыбайұлының пікірінше, ауылдарға
да көпқабатты үйлер салу – жас мамандардың ауылға тұрақтап, ұзақ мерзімге
қызмет етуіне жол ашады. Бұл қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа
серпін береді.



