17
Ақпан

Қалың қазағы ақтық сапарға аттандырып салды - Казак унi (Алматы)

 
Алматыда мың қаралы қауым танымал жазушы, аудармашы Герольд Бельгермен қоштасты.
Қазақ, неміс және орыс тілдерінде алпыстан аса кітап жазған Герольд Карлұлының «Даладағы шағала», «Ауыл шетіндегі қарағай үй», «Алтын асу», «Тас өткел», «Қазақ сөзі», «О, қазағым менің!» деп аталатын көптеген еңбектерінің атынан-ақ оның жергілікті халыққа деген шексіз сүйіспеншілігін аңғара беруге болады. Өле-өлгенше өзін өсіріп-өндірген жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жазушыны туған елі де «Өзіміздің Гера» деп жақын тартты, «Соңғы қазақ», «Ұлттың ар-ұжданы» деп жоғары бағалады.
М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрында өткен азалы жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұмның жақындарына арнаған көңіл айту хатын оқып берді.
Сондай-ақ Германияның Қазақстандағы бас консулы Ринате Шимкорайт, Қазақстан немістері қоғамдық ұйымдарының «Возрождение» ассоциациясының төрағасы Александр Дедерер, Халық артисіАсанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин,ақын-жазушылар – Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, т.б. бірқатар мәдениет және қоғам қайраткерлері бүкіл рухымен халқымыздың ең адал ұлына айналған жанның биік азаматтық қырларына, елдің тілі мен ділінің даму жолына, тұтас мемлекеттік мүдделерге сіңірген өлшеусіз еңбегіне жан-жақты тоқталды.
«Жұлдыз» мейрамханасында Герольд Бельгерге арналған аста еліміздің белгілі зиялы қауымы жазушының еңбегіне зор баға берді. Солтүстік Қазақстан облысынан Герағаңның жерлестерін бастап келген ел ағасы, еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарыАлександр Смирнов, «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, еңбек ардагері Хамит Біржанов, қаламгер Сейдахмет Құттықадам, ақын Иран-Ғайып, жазушы-журналистБигелді Ғабдуллин, кинорежиссер, жазушы Ермек Тұрсынов, қайраткер-қаламгер Жарасбай Сүлейменов, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген кәсіпкер Болат Ғұбайдуллин, Герольд Бельгердің Мәскеуден ұшып келген қызы Ирина Герольдқызы және басқалар жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Ең соңғы мақаласын «Қазақ үні» газетіне берген Герағамыз «Артымда қалың қазақ бар ғой, мен қашанда қазағыммен біргемін» деген сөзді жиі айтушы еді…
Үлкен жүректі қаламгер өз аманаты бойынша Алматы іргесіндегі «Кеңсай» зиратынан сая тапты.
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 6 (665), 10.02.2015