30
Қыркүйек

Алаш арысының аты асқақтаған күн /Бақыт Смағұл/ - Казак yнi

Көк тұйғын қанатын қомдап, аспанға асқақтап барады. Ерейменнің тау сілемдері оған аласа көрінетіндей. Зар заманның наласы қыран екеш тағы құсты да сырт айналып кетпеді. Жар қабақтың биігін мекендеген қыран өз тағыластарын құзғындардан қорғаймын деп жүріп топшысынан қағылып, қанатынан қайырылды.
«Қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болғысы» келген Перуаш Кәрімұлы алашының қамын ойлап жүріп, сыңаржақ саясаттың құрбанына айналды. Әттең, қыршын кетпегенде, қазақтың осы бір төбелі ұлы қаймана елінің сұңқар құсындай талай асуды алып, талай белесті бағындыратыны сөзсіз еді.
Бүгін сол көк тұйғын құс Ереймен жеріне қайтып оралды. Өзі емес-ау, оның рухы асқақтап, есімі елдің ілтипатына бөленді. Туған жұрты да сағынып қалған екен, оның асыл рухына бағыштап Құран оқып, ұлан-асыр той жасады.
«…Ырзамын туып-өскен Қоржынкөлім,
Малтабар – кіндік қаным тамған жерім» –
деп толғанған алаш арысы Перуаш Кәрімұлының туған жері – Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Малтабар ауылында дүбірлі шара ыстық ыждаһатпен өтті.
Бұл өлке кезінде ұлы Абылайға серік болған Бөгенбай батыр мен Үмбетей жыраулардың киелі мекені саналады. Сол батырлар мен даналардың жұрнағы болған Перуаш Кәрімұлы да Ахмет пен Әлихандардың ізін басамын деп жүріп опат болды. Ол НКВД-ның тар қапасына қамалғанда, бар болғаны 23 жаста еді. Оған: «Байшыл элементтермен, революцияға қарсы ұлтшылдық көңіл-күйдегі тұлғалармен қарым-қатынаста болып, Алашорда әдебиеттерін жинаған және ел ішінде ұлтшылдық насихат жүргізген» деген айып тағылып, 1937 жылдың 14-наурызында қамауға алынады.
Перуаш Кәрімұлы осылай нақақтан-нақақ жапа шекті. Көзі ашық, көкірегі ояу ол он алты жасында-ақ туған ауылында мектеп салып, білім берген. Кейін бірнеше оқу орындарын тәмамдап, саясатқа да араласа бастайды. Өз ұлтын шынайы сүйгені үшін ол өз өмірімен де қоштасқан еді. Отызыншы жылдардың аяғында қамауға алынып, хабарсыз кеткен алаш арысы 1961 жылы ғана толық ақталды. Биыл оның туғанына 100 жыл толды.
Ерінің есімін асқақтатқан бұл жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері Исраил Сапарбай, Сейіт Қасқабасов, Серік Тұрғынбеков, Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса,  Серік Негімовтар және алаш арысының ұрпақтары қатысты. Перуаш Кәрімұлының немересі – елімізге танымал саясаткер, Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев та ата рухына тағзым етті. Парламент Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова да өзінің жүрекжарды сөзінде алаштың дарабоз ұлы жайлы толғана сыр ақтарды. Ал ақындар жырдан шашу шашты.
Осы күні алаш қайраткері Перуаш Кәрімовтің немересі Азат Перуашевтың бастамасымен Малтабар ауылындағы қорымда ақ мәрмәрлі құлпытас орнатылып, әруақтарға құран бағышталды.
Қаз қатар ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, жарасым тапса, ақындардың республикалық мүшәйрасы да, ұлттық ойындар жарысы да тойдың шырайын келтірді. Тұлпарлардың аламан бәйгесі, балуандардың белдесуі, көкпар тартқан сайыскерлердің додасы алаш арысының құрметіне сай өтті.
Осы күні Малтабар ауылында салынған жаңа мектепке Перуаш Кәрімұлының есімі берілді. Бұл да бір кездері туған елінде білім шуағын шашып, мектеп ашқан абзал жанның асыл арманы орындалғанының айқын мысалы іспеттес. Арада сексен жыл өткенде сол мектепке өз есімі берілді.
Білім ордасы алдына қанқұйлы саясат салдарынан қуғынға түскен азаматтарға арналып, тастан қашалып, есімдері жазылған белгітас орнатылды. Жергілікті айтыскер ақын Қабдыәлел Сахария арнау айтып, қаралы жылдары ел басына күн туған шақтарды өз жырына арқау етті. Перуаш атаның келіні Мәриям Ниязқызы барша қауымға өзінің ыстық ықыласын жолдап, осы шараны ұйымдастырған азаматтарға ақ алғысын айтты. Ал, мектеп сыныптарындағы тәрбие сағаттары да алаш арысының өмірбаянына арналды.
Бұл жолғы мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 78 ақын келіп қатысты. Перуаш Кәрімұлының «Бір мені балаушы еді бір тайпа елге» деген дастанының атауын арқау еткен мүшәйрада қазақтың белгілі ақыны Исраил Сапарбай төрағалық етіп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, белгілі ақындар Қазыбек Иса мен Ғалым Жайлыбай қазылық еткен сайыстың қорытындысы бойынша 24 ақын жүлделі болды. Мүшәйраның Бас жүлдесі және 500 мың теңге «Азаттық алашымның арманы еді» деген өлеңі үшін ақын Серік Тұрғынбековке бұйырды.
Бірінші орын (300 мың теңге) – Ибрагим Иса.
Екінші орын (250 мың теңге) – Арман Қани (Кереку), Азамат Тасқараұлы (Астана), Сайлау Жылқыбаев (Ерейментау), Басие Әбдірахманов (Жамбыл облысы).
Үшінші орын (200 мың теңге) – Сұраған Рахметұлы (Моңғолия), Зейнолла Әкімжанов (Қызылжар), Медет Дүйсенов (Маңғыстау), Әлібек Шегебай (Алматы), Байғозы Серік (Ерейментау).
Сонымен қатар 100 мың теңге көлеміндегі он үш арнайы сыйлықты еліміздің әр өңірінен келген ақындар еншіледі.
Қазақ осындай додалы тойын хас тұлпарлардың жарысынсыз өткізбеген ғой. Бұл жолы құнан, тоқ бәйге және аламан жарыс түрлерінде өтті. Мұхтар Қайыркенов және Сайжан Жексенбаев құнан мен тоқ бәйгеде жарыс жеңімпазы атанды. Аламан бәйгеде топ жарған Ерейментау ауданына қарасты Масақбай ауылынан келген шабандоз Әлібек Әлиев жеңіл автокөлікті иеленді.
Балуандар белдесуі де тартыстылығымен есте калды. Әсіресе, түйе балуан үшін күресте қара күш иелерінің жер қауып жатқанын да көрдік. Сөйтіп, түйе балуанда жеңіске жеткен жергілікті спортшы Талғат Имашев шетелдік көлік иеленді.
Бір атап өтерлігі, бұл шараға қазақ елінің барлық өңірлерінен ат сабылтып келген меймандарды көрдік. «Ақ жол» партиясының белсенділері елдің шалғайлығына қарамастан Ереймен жеріне киіз үй әкеліп тігіп, бұл барша алаштың тойы екенін айғақтап берді. Ереймен жерінің азаматтары өздерінің даңқты жерлестерінің немересі Азат Перуашевқа ақ боз ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Иә, аласапыран заманның зарын тартып, тағдыры тәлкекке түскен Перуаш Кәрімұлының есімі туған жұрты барда ешқашан өшпейді.
 
Казак yнi (Алматы), № 36 (645), 16.09.2014,т