27 ақпан 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Алаш арыстарының мұрасы – ұрпақ қазынасы.
Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Алаш арыстарының
асыл мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дулати университетінің «Тарих» кафедрасы және «Ақ жол» демпартиясы Жамбыл
облыстық филиалының бірлескен іс-шаралар жоспарына сай ұйымдастырылған дөңгелек
үстел басында ғалымдар мен болашақ тарихшылар бас қосты. Сондай-ақ жиынға
партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, «Ақ жол»
партиясының «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық жобасының жүлдегері,
Тараз қаласындағы Төле би атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Қанат
Бердалиев, «Тарих» кафедрасының доценті Бақыт Мырзабеков, оқу орнының
ақпараттық-кітапханалар орталығының директоры Гүлжан Иржанова қатысып, Алаш
идеясы, Алаш қайраткерлерінің еңбектері туралы құнды деректерімен бөлісті.
Модератор Гүлжан Идрисова «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау
жөніндегі» мемлекеттік комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің
архивінің қолдауымен жарық көрген «Алашорда ісі 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен
материалдар» 12 томдығына тоқталып өтті. Көптомдықтың таныстырылымына болашақ
тарихшылар жақсы дайындалған екен. 12 студент әр томды жеке-жеке таныстырды.
Жиын соңында партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова
Алаш идеясын жалғастырушы «Ақ жол» партиясы жас зерттеушілерге қолдау көрсетіп,
жыл сайын «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауын ұйымдастыратынын
атап өтті. Әр байқаудың жеңімпаздарының еңбектері топтастырылып, жинақ болып шығып
отыратынын жеткізді.
«Архивтік материалдар негізінде жарық көрген көптомдық еңбек сіздерге
берілген үлкен мүмкіндік. Дипломдық немесе курстық жұмысқа таптырмас деректер
енді қолжетімді болады. Сондықтан, жас тарихшылар партия ұйымдастыратын
жалұлттық байқауға биыл көбірек қатысады деген сенімдемін», - дей келе Сейсекүл
Дүйсебайқызы жалпыұлттық жобаның былтырғы қатысушыларына партия филиалы
төрағасының Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар, университет кітапханасына
байқауға жеңімпаздарының еңбектері топтастырылған жинақты тарту етті.