03
Қазан

Алаш идеясы – жас ұрпақпен сабақтастықта

3 қазан 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері студент жастармен кездесті. Шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы жастармен Алаш идеясының мән-маңызы туралы құнды деректермен бөлісті.

Кездесуде «Ақ жол» партиясының өкілдері де сөз сөйлеп, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының 2025 жылғы жаңа кезеңін таныстырды. Олар жастарға байқаудың мақсатын түсіндіріп, белсенді түрде қатысуға шақырды.

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесі мен рухани мұрасын қазіргі қоғаммен сабақтастыра зерттеу, оны кеңінен насихаттау және жас ұрпақты ұлттық мүдде төңірегінде ойлануға ынталандыру.

Кездесу барысында студенттер байқаудың ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, Алаш арыстарының идеяларының бүгінгі күндегі өзектілігі жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар, шара аясында «Ақ жол» партиясының өкілдері университет жанындағы «Алаш ғылыми-зерттеу» орталығына Алаш қайраткерлерінің портреттерін табыс етті. Бұл тарту жас ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртып, ғылыми ізденістеріне серпін бермек.