31 мамыр 2025 жыл, Абай облыстық филиалы
Семей қаласындағы “Достық” мейрамханасында ұлт зиялысы, Алаш мұрасының
жанашыры, ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханов пен оның әкесі, ел ардақтысы
Мұхаммедхан қажының рухына қатым Құран оқылып, еске алу асы берілді.
Асты Қайым ағаның ұрпақтары ұйымдастырып, Семей қаласының зиялы қауым
өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысып,
тағылымды басқосу өтті. Жиын барысында сөз алған азаматтар қос тұлғаның елге
сіңірген еңбектерін, ұлт тарихындағы орнын ерекше тебіреніспен еске алды.
Алаш арыстарының ұлы күресінде ерекше орын алған Мұхаммедхан атаның үйі —
кезінде Алаш зиялылары бас қосып, ел болашағын ойлаған сансыз пікірталас пен
ақылдасулардың ордасы болған еді. Биыл сол киелі шаңырақ иесінің туғанына 155
жыл толып отыр.
Іс-шараға “Ақ жол” демократиялық партиясының Абай облыстық филиалы
төрағасының орынбасары — Иманжапар Мұрат Тлегенұлы және партия ардагері, елге
белгілі тұлға — Рахат Алтай арнайы қатысып, Қайым ағаның рухына тағзым етті.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан осы қос тұлғаны ұлықтау — кейінгі ұрпаққа аманат.