05
Наурыз

«Алаш және Дін» деректі фильмінің премьерасы өтті

5 наурыз 2025 жыл, “Ақ жол” Демократиялық партиясының баспасөз бөлімі

Бүгін – Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің төрағасы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күніне орай, Астана қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрында журналист Серік Жолдасбайдың «Алаш және Дін» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Премьераға “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Серік Ерубаев, Ержан Бейсенбаев, “Ақ жол” фракциясының аппарат жетекшісі Берік Дүйсембинов, “Ақ жол” демпартиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов, қоғам белсенділері, журналистер және зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды.

Сонымен қатар, Алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Аққұлы, Ықылас Ожайұлы, Қайрат Сақ сынды белгілі зерттеушілер де қатысты.

Деректі фильм ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының діни көзқарастары мен сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы пікірталастарды жан-жақты талдауға арналған. Қазақ елінің азаттығы мен болашағы үшін күрескен алаш арыстарының дінге деген көзқарастары мен олардың арасында туған идеялық айырмашылықтар деректі материалдар мен архив құжаттарына сүйене отырып баяндалады.

Фильм авторы Серік Жолдасбайдың айтуынша, бұл туынды Алаш қозғалысының тарихын жаңа қырынан танытуға, оның рухани және саяси тұғырнамасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл деректі фильм Алаш мұрасын зерделеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Оның идеялық мазмұны қазақ халқының тарихына қызығушылық танытатын көрермендер үшін құнды ақпарат көзі болары сөзсіз.

Фильмнің көпшілікке кеңінен көрсетілуіне «Ақ жол» демократиялық партиясы қолдау көрсетіп, премьераның «Сарыарқа» кинотеатрында өтуіне демеушілік жасады.