28
Наурыз

Алаштың биік рухы - 'Қазақ үнi' газеті

Қазақ үнi (Алматы), № 11 (620), 18.03.2014

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің «Әлихан Бөкейхан: марксизмнен ұлттық Алаш идеясына дейінгі эволюциялық жол» атты республикалық конференцияда сөйлеген сөзі

«Ақ жол» демократиялық партиясы өзін «Алаш» қозғалысынын рухани ізбасарларының бірі деп жариялағаны мәлім. Бұл тұжырым сайлауалды Тұғырнамамызда да, Партияның өзге де құжаттарында көрінісін тапқан. Біз Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын тарату және оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратуды маңызы зор мәртебелі іс деп санаймыз. Мен бүгін осы бағытта «Ақ жол» партиясының азды-көпті атқарған және атқарылуға тиіс шараларынан Сіздерді қысқаша хабардар етуді жөн көріп отырмын.

2012 жылдың 23 қарашасында Алаш қозғалысының 95 жылдығына арнап, «Ақ жол» партиясы Еуразиялық Ұлттық университетінің қолдауымен «XXI ғасырда Қазақстан коғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференция өткізгенін, оның өзінің діттеген мақсатына жеткенін Алашшыл азаматтардың барлығы біледі. Бастысы, «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін концепциялық мағынасы бар екендігін конференцияға қатысушыларға сезіндіре алдық. Конференция және одан кейін Алматыда Халықаралық бизнес академиясымен бірлесіп өткізген «Алаш мұрасы - ұлттық бизнестің негізі тақырыбындағы дөңгелек үстелдің» материалдарын ғылыми жинақ етіп шығардық.

«Ақ жол» демократиялық партиясы биылғы 25 ақпаннан бастап, «Алаш тағылымдары» дәрістерін бастады. «Алаш тағылымдары» дәрісі «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының апта сайын партия филиалдарының қатысуымен өтетін онлайн бейнеконференциясының аясында, әр айдың соңғы аптасының сейсенбісінде тыңдалады. Республикадағы барлық партия филиалдары қатысатын бейнеконференцияға ақжолдық Мәжіліс депутаттары, партия активі, орталық аппараттың қызметкерлері, облыс филиалдарының белсенділері қатысады. Басқа да қатысқысы келетіндерге есік ашық. Алғашқы дәрісті белгілі алаштанушы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан өмірін зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы «Ақ жол» партиясының Астанадағы Орталық офисінде өткізді. Оның Әлихан өмірінің басты кезеңдері жайлы дәрісі ықыласпен қабылданды. Алдағы уақытта Алаш тағылымдарын көпшілікке тарату идеясын қызу қолдаған Жабайхан Әбділдин, Сейіт Қасқабасов, Серік Қирабаев, Ғарифолла Есім, Дихан Қамзабекұлы, Мырзагелді Кемел, Амантай Шәріп, Сұлтанхан Аққұлы, Қайрат Сақ және тағы басқа елімізге белгілі алаштанушы ғалым, зерттеушілерді шақыратын боламыз.

Біз қазіргі таңда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауының 2014 жылғы шығарылымымен жұмыс жасаудамыз. Биылғы кітабымызды байыта түсетін жаңа бір бөлім енгізбекпіз. Әзірге шартты атауы - «Ақ жолдың» олжалары. Ол қандай олжалар? Ең алдымен, Алашорда өмірінен 1935 жылы жазыла бастап, 1936 жылдың 29 ақпанында аяқталған «Мұрат үшін майдан» атты 4 перделі, 6 суретті музыкалық драма-пьеса табылды. Оның авторы Мұқтызар Титаққұлы - біздің еліміздегі 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінінің құрбаны.

Кейінгі 100 жылда және Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығы тарихында Алаш мұраты тақырыбына ешқандай пьеса жазылмапты. Пьеса мәтіні «Қазақ үні» газетіне жарияланды. Ол жөнінде, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Бұл пьеса - қазақ драматургиясы үшін тосын жаңалық, аса сәтті шыққан туынды» деп бағалап отыр. Пьесаны тауып, әдеби қауымға жеткізіп отырған біздің партиямыздың белсенді мүшесі, алаштанушы -Айдын Ырысбекүлы деген азамат. Біріншіден, пьесаның табылуының өзі де үлкен жаңалық, екіншіден пьеса авторы - Мұқтызар Алаш қозғалысының тарихындағы тағы бір тың есім. 2016 жылы осы пьесаның негізгі кейіпкерлерінің бірі - Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуының қарсанында, пьесаның сахналық қойылымын жасау үшін, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрының режиссері Болат Ұзақовпен шығармашылық байланыс орнатып отырмыз.

Сондай-ақ, «Алаш әнұранын», «Алаш маршын» сөздеріне қоса, нотасын да іздестіріп, кітапқа енгізбек ойымыз бар. Болашақта Алашорданың осы әнұрандарын насихаттайтын орындаушыларды тауып, оларды Қазақ радиосының алтын қорына жазып алу үшін, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының, Қазақ радиосының басшылықтарына тиісті денгейдегі ұсыныспен шығуды көздеп отырмыз.

Биылғы дәстүрге айналған Алаш тақырыбына арналған Жалпыұлттық Байқаудың шарттарының ішінде Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер деген жаңа номинация бар. Жалпы біз Алаш сапында болған, бірақ аты-жөні белгісіз азаматтар туралы білуге міндеттіміз. Мәселен, маған Алашорданың әскер құрылымы жүйелі түрде зерттелмей жатқан сияқты көрінеді. Соларда қызмет еткен абзал азаматтардың есімдерін де елге оралтуға әрекеттер жасалса, қандай ғанибет.

Айта берсек, Алашқа қатысты атқарылатын шаруалар өте көп. Айналыссақ, қайсымызға болса да жеткілікті. Ендеше, көп болып жұмылайық. Алаштың тәуелсіздік мұраттарына сай өміршең идеяларын жаңа заманның талаптарына сай зерделеп, көпшілікке, әсіресе, жас ұрпаққа тарата берейік. Конференцияның жұмысына сәттілік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!