15
Маусым

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында Ұлан шабандоздары жеңіске жетті

15 маусым 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында Катонқарағайда өткен Көкпардан Шығыс Қазақстан облысының чемпионатында Ұлан мен Самар аудандарының шабандоздары арасындағы финалдық кездесу нағыз тартысқа толы болды. Негізгі уақыт тең аяқталып, шешуші сәт жекпе-жек арқылы анықталды. Осы жауапты сәтте Ұлан командасының палуаны жеңісті жұлып алды!

Команданың құрамында — «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Есжан Қасымов. Ер намысын қорғаған Есжан – партияластары үшін де үлкен мақтаныш.

Көкпар – тек спорт емес, бұл – батырлықтың, ептіліктің, төзім мен тәртіптің көрінісі.

Ұландықтардың жеңісі – аудандар арасындағы командалық рух пен жерлестік абыройдың жарқын көрінісі.

Жеңімпаздарға 500 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Бірақ Ұлан шабандоздары үшін ең үлкен марапат – туған өңірдің намысын қорғап, чемпион атану.