13
Қазан

Ана тіліміздің әлемге танылған күні - Егемен Казакстан

 
Елбасының БҰҰ мінберінен қазақша сөйлеуі Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлық болды, – дейді Азат Перуашев
Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовке қазақ тілінде депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді:
«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Биылғы жылы 27 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қазақ тілінде сөз сөйлегені тарихи оқиға ретінде бағаланып жатыр. Қазақ тіліндегі баян¬дама халықаралық алты тілге аударылды. Экономикалық дағдарыс күшейіп, бүкіл дүние дүбірлеп тұрғанда, әлемдік күрделі мәселелерді кесімді де шешімді түрде түйінін түйіп айтудың, әлемнің бүкіл мемлекет басшыларына құнарлы қазақ сөзімен құйып айтудың бағасын еш нәрсемен салыстыруға болмас…
Қазақ тілін бүкіл әлем тыңдады! Тәуелсіздігіміздің 24-ші жылында Елбасымыз қазақша жасаған баяндаманың себебін: «Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Әрі қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар солай сөйлейді деп сенемін!», – деп түсіндірді.
Иә, қазақ тілін әлемнің 193 өкілі тыңдағаны – ұмытылмайтын сәт! Тіліміздің әлемге танылған күні Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлығы болды деп білеміз!
Ал енді мемлекеттіліктің символы болып табылатын мемлекеттік тілдің Конституцияға сай дәрежеде дами беруі үшін тек Елбасымыздың ерекше ерлік еңбегіне ғана қарап отыра беруге бола ма? Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам өкілдерінің барлығы мемлекеттік тілде сөйлеген Президентімізден үлгі алуға тиіс.
Сол себепті, «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік тілдің Конституцияға сай болуы және «Тілдер туралы» Заңымыз бен Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыстарды іске асыру туралы Үкіметтен мерзімаралық есебін беруді сұрайды.
Сонымен қатар, бұған мемлекеттік органдармен бірге, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, әр қазақстандық өз үлесін қосуға міндетті. Әсіресе, БҰҰ-ның қазақстандық үлгісі аталып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы өзін көрсететін кез келді. Осылайша Елбасы бастамасын Қазақстан халқы Ассамблеясы жалғастырып, Президентіміз айтқандай, «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» екенін іспен дәлелдейді деген сенімдеміз.
«Ақ жол» партиясы өз тарапынан өзінің саяси бағдарламасында да баса назар аударғанындай, мемлекеттік тіліміздің дамуына Елбасымызбен бірге еліміздің әрбір азаматын жеке үлесін қосуға шақырады».
 
Источник - Егемен Казакстан (Астана), № 194 (28672), 10.10.2015