06
Наурыз

А.Перуашев: Кәсіпкерлерге берілетін үлкен мүмкіндік

«Егемен Қазақстан»

 «Бес әлеуметтік бастаманы» «Ақ жол» партиясы да зор ризашылықпен қабылдады. Партиямыздың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті, бизнесті қолдау болған­дық­тан аталған жобаның еліміздің кәсіпкерлеріне тиімді жақтарына тоқтала кетсек деймін.

             

«7 – 20 – 25» бағдарламасы – өз еліміздегі тұрғын-үй мәселесін толықтай шешуге бағытталған ірі қадам. Бұл дегеніміз – елімізде баспана мәселесін шешумен қатар, құрылыс компанияларына жұмыс көлемін беру, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуы, құрылыс материалдары нарығындағы кәсіпкерлерге берілетін үлкен мүмкіндік!

«2022 жылдың соңына дейін 25 мың орындық жаңа студенттік жатақханалар салынады. Бұл алдағы жылдардағы тұтыну мөлшері көбеюін есепке алғанның өзінде мәселені толықтай шешуге мүмкіндік береді», – деген Президенттің бастамасы әлеуметтік саладағы үлкен өзгеріс деп есептеймін. Біздің қолымызда бар деректерге қарағанда, Астана мен Алматының өзінде ғана студенттердің 30 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Қал­ған­дары пәтер жалдауға мәжбүр. «Ақ жол» партиясы өткен жылы осы мәселе­ні көтергенде кейбір басылымдар өре түре­геліп, жатақхана мә­селесін басқаша бұрма­лап, күлкіге айнал­дыруға тырысқан. Уақыт – бәріне де төреші.

Ал ауыл шаруашылығына бөлінетін несие көлемін арттыруды сол ауылдың жағдайын жақсарту, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын көбейту, ең бастысы, кәсіпкерлікті қолдау деп түсінген жөн.

«Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет» деп атап көрсетті Елбасы. Демек, енді Үкі­мет оның жүзеге асуына білек сыбана кірі­сері сөзсіз. Оптимистік жобаның жүзеге асуы үшін ең алдымен Үкіметіміздің қажыр-қайраты қажет. Үкімет Елбасы айтқан бес бастаманың, әсіресе, банктерге қатыс­ты тұстарын қатаң бақылауда ұстаса – қара­пайым халық көптен бері асыға күткен, кә­сіп­кер­лерге пайдалы мәселелер оң шешімін табары сөзсіз.

Азат ПЕРУАШЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«Ақжол» фракциясының басшысы

Источник: Egemen.Kz.