13.06.2019
https://adyrna.kz/ma-alalar/sayasat/a-peruashev-sajlau-әdil-bolғanda-parlament-kөshedegi-halyққa-emes-өz-mindetterine-bas-қatyrar-edi/
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мәлімдеме жасап, сайлаудың әділ өтуіне кепілдік сұраған. Сәйкесінше, уақытша президент өз кепілдігін беріп, орталық сайлау комиссиясына және жергілікті мемлекеттік органдарға да тиісті тапсырма берген еді. Әйткенмен, үгіт-насихат басталған бойда әлеуметтік желілерде түрлі бейнелер тарала бастады. Жұрт назарына іліккен видеолардың басым көбінде студенттерді мәжбүрлеу, бюллетендерді топтап салу, бір адамның бірнеше мәрте дауыс беруі сияқты түрлі заң бұзушылықтарды әшкереленді.
Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев: “ОСК небәрі 19 ғана аса маңызды емес заң бұзушылықты дәлелдеген. Ал, ОБСЕ бақылаушылары ресми есепте заңсыз бюллетендердің өзі 42 ге жеткенін байқады. Егер әдеттегідей, көптеген заң бұзушылықтар бақылаушылардың назарынан тыс қалғанын ескерсек, мұндай фактілер бірнеше есе көп деп санауға болады. Демек орталық сайлау комиссиясы тек ресми арыздарды ғана емес, фальсификациялар туралы барлық ақпаратты қарастыруы тиіс” – деген мәлімдеме жасады.
Сылтауы таусылмайтын ОСК бұл ретте де жалтарып отыр. Сайлауға қатысып, сырттай бақылаушы болған тәуелсіз азаматтар мен азаматшалардың фото-видео фактілеріне тиісті жауап беруден қашады. “Көзбен көріп, қолымен ұстап берген заң бұзушылық басқа сайлау учаскесінде тіркелген” немесе “біздің ұлттық менталитетіміз” деп ақталуда. Әрине, мұндай сылтаулар – ҚР заңына сәйкес құқық бұзушылық болып табылатынын олар білмесе керек-ті. Білседе Ата заңды белден басып отыр.
Бұл ретте партия белсіндісі аталған жағдайларға байланысты, мұқият тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін қадап айтты. Оның пікірінше адал және таза сайлау өткізілген жағдайда көшедегі толқулар орын алмас еді деген ойда. Сәйкесінше, парламент “көшедегі халыққа” емес, өз міндеттеріне бас қатырар еді. Қазақ мұндайды “құда да тыныш, құдағи да тыныш” демеуші ме ед?!