12
Мамыр

"Ақ жол" партиясының 20 жылдығы үшін өткен түйе балуан жарысының жеңімпазы анықталды

12 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Көкшетау қаласында «Ақ жол» партиясының 20 жылдығы аясында балуандар белдесулері өтіп, бозкілем шеберлері партия көшбасшысы Азат Перуашевтің жүлдесі үшін «Түйе балуан» атағы сарапқа салды.

Бұған облыстың әр өңірінен балуандар келіп, бақтарын сынады. Үлкен салмақтағы балуандар белдесуі қашанда қызықты өтетінін бар. Ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп отырған кезде Қазақтың күресіне ден қойған жастар да жетерлік.

Бір атап өтерлігі, осы жақында ғана «Ақмола барысы» өтіп, онда көп жылдан бері осы күреспен айналысып жүрген Леонид Станеев чемпион атанған еді. Осы жүлде алған балуандар да «Ақ жолдың» жүлдесін алу үшін жандарын салып, күресті.

«Қайрат» спорт залында өткен балуандар белдесулеріне өңірге танымал спорт бапкерлері әділқазылық етті. Бір чемпиондық атақ үшін жан алысып, жан беріскен бозкілемнің шеберлері ақ терге түсті. Бірі ұтты, бірі ұтылды. Бұл спорттық доданың заңдылығы.

Сөйтіп, Азат Перуашевтің жүлдесін және «Түйе балуан» атағын Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, спорт шебері Әсет Жүнісов иеленді. Оған «Ақ жол» партиясының арнайы дипломы мен ақшалай сыйлығы табыс етілді.