06
Мамыр

"Ақ жол": Базалық мөлшерлемені төмендету- бюджетті үнемдеу

6 мамыр 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол»: Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету бюджеттің 1,2 трлн теңгеге дейін үнемделуіне әкеледі, бұл мемлекеттік шығындардың жоспарланған өсуімен салыстырылады. Бұл туралы Азат Перуашев бүгін Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджетті талқылау барысында мәлімдеді.

«Ішкі нарықтағы қарыздар бойынша 9-11% пайыздық мөлшерлеме бойынша 1 трлн 880 млрд теңге тарту жоспарланған.Яғни, негізгі қарызды есептемегенде пайыз бойынша ғана мемлекет жылына шамамен 170 млрд теңге төлейтін болады.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының бірнеше мәрте Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету талаптарын еске салуға мәжбүрмін.Дәл осы мөлшерлеме бойынша мемлекет ішкі нарықтағы екінші деңгейлі банктерден ақша тартады.

Дағдарыс кезінде бүкіл әлемде орталық банктердің мөлшерлемелері минимумға дейін төмендетілді, ал бірқатар мемлекеттерде тіпті теріс мөлшерлемелер енгізілді», - деді А.Перуашев.

Оның айтуынша, егер Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені Ресейдегі сияқты 4-5%-ға дейін төмендетсе, онда мемлекет мұндай қарыздар бойынша жылына 170 млрд емес, екі есе аз төлейтін еді. 1 трлн 880 млрд теңгені 15 жылға дейінгі мерзімге тарту жоспарланса, осы мерзім ішінде бюджет пен салық төлеушілердің қаражатын үнемдеу біздің ұсынысымыз бойынша 1,2 трлн теңгені құрайтын еді.

А.Перуашев бұл сан бюджет шығыстарының барлық ұсынылған көлемінің 1,287 трлн теңгеге артуымен тікелей салыстырылатынын атап өтті.

«Ақжолдықтардың» пікірінше, несиелер бойынша пайыздарды қиын жағдайға тап болған бизнес пен халыққа бірдей 4-5%-ға дейін төмендету маңызды болар еді.

«Ұлттық Банк тұлғасында мемлекеттің осы бағыт бойынша шығындарды айтарлықтай қысқарту мүмкіндігі бар деп есептейміз, оның үстіне базалық мөлшерлеме Үкіметтен тәуелсіз белгіленеді», - деп толықтырды «Ақ жол» партиясының төрағасы.