10 тамыз 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерлан Барлыбаев пен Серік Ерубаев, партияның облыстық филиал төрағасы Серік Мерғалиев және облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары партияның облыстық филиалында өңірдің бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевпен кездесті.
Сонымен қатар басқосуға облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаев пен шаһардағы ең үлкен “Сити Центр” сауда орталығының кәсіпкерлері келді. Кәсіпкерлерді алаңдатқан негізгі мәселе - сауда орындарының жұмыс уақытының шамадан тыс шектелуі. Республикалық бас санитарлық дәрігер мен облыс бас санитарының қаулыларында сәйкестіктің болмауы бүгінде оралдық кәсіпкерлерді алаңдатып отыр.
Қоғамдық көліктер күні-түні санитарлық нормаларды сақтамай, халыққа лық толы жұмысын еркін жүргізеді, ал бар талапты орындайтын сауда орталықтарының жұмыс режимі қысқартылып, демалыс күндері мүлдем тоқтатылады.
Бұл орайда облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев бұл қаулылар тек бір бас дәрігердің шешімі емес, құрылған комиссияның отырысында талқыланып барып шығарылатынын алға тартты. Ал “Ақ жол” партиясының облыстық мәслихат депутаты Асқар Мерғалиев бұл комиссияға осы саланы анық білетін кәсіпкерлерді мүшелікке қоймай, жағдай түзелмейді деген уәж айтты.
Депутаттың айтуынша, кәсіп саласында, соның ішінде халыққа қызмет көрсететін орындар, сауда-саттық орындарына қатысты тыйымдарда көп жағдай ескерілмей қалып жатады.
Жиналыс барысында кәсіпкерлер аталған проблемалық мәселелерді мәжіліс мінберлерінде көтеріп, қаулы шығарғанда кей ережелерді мұқияттап қарау мәселесін көтерсе екен деген өтініштерін айтты.
Ендігі кезекте “Ақ жол” ҚДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы елдің бас санитарына да осы мәселені қайта қарап, қисынсыз қаулы шығарушы санитарлық дәрігер, облыстық комиссия мүшелеріне қатысты түсініктеме беруін талап етіп, хат жолдамақшы.