12
Мамыр

«Ақ жол» депутаты Ақмола облысының еңбек ұжымдарына конституциялық реформа өзектілігін түсіндірді

12 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізді. Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр кентіндегі «Стерх» ет өнімдерін шығаратын кәсіпорында болып, жұмысшылармен әңгімелесті. Мұнда екі жүзден аса адам еңбек етеді.

Әңгіме арқауы – қазіргі еліміздегі маңызды мәселе – Конституцияға енгізілетін жаңа өзгертулер мен толықтырулар жайлы болды. Президенттің ел халқына арнаған Жолдауында көтерілген мәселелер аясында осы жаңа реформалық өзгерістер де бар.

  • Біз жаңа Қазақстанды құрғалы отырмыз. Осыған орай жаңа реформалар қолға алынады. Ең бастысы, билік тетіктерін қайта құру, оның ішінде супер президенттік биліктен президенттік басқаруға көшу, парламенттік әлеуетті күшейту, жергілікті билік құрылымдарын уақыт талабына сай жаңаша құр сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр, – деді мәжілісмен Ерлік Өмірғали.

Кәсіпорын жұмысшылары өздерін толғандырған сауалдарын да қойды. Олар еліміздегі өзгерулерге түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Экономикалық – әлеуметтік бағыттағы жағдайларға да алаңдаулы екенін тілге тиек етті. Сондықтан Парламентте бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса деген өтініштерін де айтып қалды.

Депутат өз сөзінде «Ақ жол» партиясының бизнесті қолдау бағытында жасап жатқан жұмыстарын айта келе, қаңтар оқиғасынан кейінгі кезеңдегі өзгерулер елді жаңа бағытта өркендетуге негізделетінін атап көрсетті.

Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құруда биліктің де халыққа жақындай түсуі маңызды фактор дегені бүгінде айқын көрініс тауып отыр.

Кәсіпорын басшысы Вадим Лукаш халық қалаулысына елдегі өзгеріс жайлы толымды әңгімесіне өз ұжымы атынан ризашылығын білдірді.