13
Мамыр

«Ақ жол» депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысында сүт зауытының ұжымымен кездесті

13 мамыр 2022, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысындағы жұмыс сапарын жалғастырды. Бүгін ол Зеренді ауданындағы «Садовое» сүт зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті.

Ең алдымен олардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, кәсіпорындағы жағдайды сұрап білді. Одан әрі ұжыммен сұхбат құрып, еліміздегі саяси-қоғамдық өзгерістерге тоқталды. Президент Жолдауында айтылған саяси бағыттағы реформалар мәселесі де түсіндірілді.

Өз сөзінде Конституциялық реформа саяси бағыттағы жаңаруларды жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды қадам деп атап көрсетті. Бұл реформалар халықтың өз талабымен өміршең болып отырғаны анық. Мысалы, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері кеңінен әңгімеленді.

Халық қалаулысы әлеуметтік мәселелердің қордалануы, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі сайып келгенде еліміздегі реформалардың дұрыс жүзеге аспай қалуынан деді. Енді заман өзгеріп жатқанда, адамдардың санасын да өзгерту, отаншылдық танымдарды сіңіру, жастардың елсүйгіштік қасиетін жоғарылату үшін елеулі өзгерістер жасау керек болды.

Бүгінгі таңдағы конституциялық өзгерістер мен толықтырулардың қолға алынып жатқанының бір сыр осында екенін айтты.
Өңірдегі іргелі кәсіпорын жұмысшылары да түйткіл мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойып жатты. Конституцияны толықтырып, өзгертсе, тұрмыс түзеле ме? – деген сауал қойылды.

Ерлік Өмірғали әлеуметтік реформалардың жүзеге аспай, осы бағыттағы мәселелердің қордалануы әр деңгейдегі билік тетіктерінің әлсіреуінен де туындағаны жасырын емес. Бізде бір-бірін қайталайтын құрылымдар көп. Сондықтан осы реформалар жаңа тұрғыдағы өміршең мәселелерді оңтайлы шешуге дәнекер болады.

Парламент өкілі жергілікті жердегі өзекті мәселелерге де қанық екенін жеткізді. Адамдарды толғандыратын денсаулық сақтау, білім беру, тұрмыстық мәселелер тиімді шешілу үшін халықты тыңдайтын, оның мұң-мұқтажына құлақ асатын билік тетіктері болуы керек. Парламенттік деңгейде де қаншама проблемалар депутаттық сауал ретінде көтеріліп, шешілу жолдары қарастырылып жатқанын да жан-жақты баяндады.