14 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Ақмола облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Ерлік Өмірғали Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектебінде болып, осында тәлім алып жатқан курсанттармен кездесті.
Әскерилермен болған жүздесу барысында еліміздегі саяси-қоғамдық өзгерістер кеңінен әңгіме өзегіне айналды. Қаңтар оқиғасынан кейін бастау алған жаңа реформалардың мақсат-мүддесі тереңірек талқылады.
Әр саладағы қордаланған мәселелер, әлеуметтік теңсіздік жайлары осындай қадам жасауға ықпал еткені еш жасырын емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жаңа Қазақстанды құрудың сипаттарын атап көрсетті. Қазіргі супер президенттік басқарудан президенттік республикаға көшудің жай-жапсары да айтылды.
Биліктегі өзгерулердің астарында халықтық мүдденің өміршеңдігі баса ауызға алынды. Атап айтсақ, Президенттің өзі саяси партиядағы лауазымынан бас тартты. Бұл жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты.
Әскери бағыттағы реформалардың өзектілігі де баса айтылды. Отаншылдық және елсүйгіштік сезімдерді санаға сіңіру турасында да ойын ортаға салды. Қандай реформа жасалмасын, оның астарында елдік мүдде бәрінен биік тұратынын айтты.
Парламент өкілі курсанттарға маусым айының 5-і күні болатын референдумда азаматтық ұстанымдарын білдіру аса маңызды екенін атап өтіп, оардың алдағы өмірлері жарқын болатынына сенім білдіріп, әр істеріне сәттілік тіледі.