12 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Биыл «Ақ жол» партиясының мерейлі 20 жылдық мерекесі. Осы айтулы датаға арналып Көкшетау қаласында «Қазақ күресінен» Ақмола облысының ашық турнирі болып өтті.
Бұған облыстың барлық өңірінен балуандар қатысып, жеті салмақта бақтарын сынады. «Қайрат» спорт залында өткен облыстық турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали құттықтау сөз сөйлеп, партияның мерейтойына ұйымдастырылып отырған қазақ күресі балуандарына ізгі тілегін жолдады.
Ақмола облысының ұлттық спорт федерациясының президенті Марат Қойшин «Ақ жол» партиясының ұлттық спортты өркендетуге үлкен үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Сонымен бірге, ол осы күндері қазақ күресінен басқа партия көшбасшысы Азат Перуашевтің жүлдесі үшін «Түйе балуан» атағы үшін сайыстар өтетінін және Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный яр кентінде «Асық ату» ұлттық спорт түрінен Ақмола облысының ашық турнирі ұйымдастырылып отырғаны осыған айқын мысал бола алатынын айтты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, спорт ардагері Мәлгаждар Омаров партияның арнайы ұйымдастырған бозкілемдегі белдесулерде сайысқа шығатын барлық балуандарға табыс тілеп, өзінің осындай іргелі шараның мейманы болып отырғанына ризашылығын білдірді. Еліміздің Әнұраны орындалып, турнирдің туы көтерілгесін белдесулер де басталып кетті. Тоғыз салмақ бойынша балуандар белдесті. Аса тартысты өткен белдесулерде жүзден жүйрік озған білекті де, білімді бозкілем шеберлері жеңіс тойларын тойлады.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысында Ақмола облысының тоғыз салмақтағы жаңа чемпиондары есімдері анықталды.
Мысалы, кәнігі балуандар Айдар Исмұханов (55 келі), Махамбет Маратұлы (60 келі), Нұрсұлтан Найманғазиев (66 келі), Қуандық Рамазан (74 келі), Нұрдәулет Сәдуақасов (82 келі), Әсет Жүнісов (90 келі), Рустам Зынданұлы (90 келіден жоғары) чемпион атанды. Арасында ел біріншілігінің жеңізпаздары мен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері де бар.
«Ақ жол» партиясының демеушілігімен және ұйымдастыруымен өткен жарыста жеңімпаз және жүлделі орындарды иеленген балуандар арнайы дипломдармен және медалдармен марапатталды. Әр салмақта үш жүлделі орын алғандар қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Марапаттау құрметіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали, спорт ардагері Марат Қойшин, «Ақ жол» ҚДП Ақмола филиалының төрағасы Саят Сыздықов, оның орынбасары Бақыт Смағұлдар ие болды.