09
Шілде

«Ақ жол» партиясының депутаты Атырау облысындағы бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты

09 шілде 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалы

Мұнайлы өлкеде іссапарда жүрген «Ақ жол» партиясының депутаты Серік Ерубаев Махамбет ауданына барды.

Сапар барысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің» ұжымымен кездесті.  

Мұнан соң депутат «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруа қожалығымен танысты. Серіктестік бүгінде Атырау тұрғындарын сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын мамандары мүйізді ірі қара малдың азығы жүгері, люцерн, судан шөбін өздері өсіріп отыр.

Өңірде төрт-түлік малға жем-шөп дайындау жайы бұрыннан көкейтесті мәселелердің бірі. Аудан тұрғындары жыл сайын қажетті мал азығын көршілес облыстардан сатып алуға мәжбүр.

Халық қалаулысы  бұл мәселені партия фракциясының күнтәртібіне ұсынып, шешу жолдарын қарастыруға ықпал жасайтынын жеткізді.

Сондай-ақ депутат аймақтағы NCOC компаниясының өндіріс нысанындағы Солтүстік Каспий жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты. D аралында, теңіз түбін тереңдету жұмыстары жүргізілетін аймақта, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында, Солтүстік Каспий мұнай төгілімдеріне ден қою экологиялық базасында (СКДЭБ), Қашаған кен орнының шикі газын өңдейтін қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының (ҚазТрансГаз) құрылыс алаңында болды.

NCOC компания өкілдері теңіз түбін тереңдету жұмыстары мен Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту саласындағы жетістіктерінің арнайы презентациясын жасады.