3 желтоқсан 2021 жыл, "Ақ жол" партиясының Жамбыл облыстық филиалы
Бүгін «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға партия төрағасының аймақтық жұмыс жөніндегі орынбасары Берік Дүйсембинов қатысты. Сондай-ақ өңірдегі филиал ұжымы мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, Тараз қалалық және аудандардан сайланған делегаттар шақырылды.
Басқосуда партияның облыстық филиалының төрағасы Асан Қошмамбетов баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды әңгімеледі. Ол биылғы пандемиялық ахуалға қарамастан, игі істердің қолға алынғанын айтты. Оның ішінде, Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған жарылыстың салдарынан зардап шеккен тұрғындарға біршама көмек көрсетілген.
«Біз төтенше оқиғаның залалы тиген елдімекендерді арнайы аралап, тұрғындармен тікелей тілдестік. Олардың проблемаларын тыңдап, қол ұшын созуға уәде бердік. Отбаыларға газ құбырын тартуға жәрдемдесіп, жалғызбасты қарияның есік-терезелерін жаңалауға көмектестік. Басқа да қайырымдылық бағытындағы іс-шараларымыз жетерлік. Бұдан бөлек, Алаш қайраткерлерінің мұрасын насихаттау мақсатында филиал кеңсесінен арнайы бұрыш ашып, бірнеше тың деректермен толықтырдық. Жамбыл облыстық өлкетану музейіне де осы уақытқа дейін беймәлім болып келген жәдігерлерімізді табыстадық», - деді Асан Әнуарұлы.
Конференцияда облыстық мәслихаттың депутаты Шыңғыс Абдрахманов, Талас аудандық мәслихаттың депутаты Серік Көшкінбаев және филиал төрағасының кеңесшісі Сейсегүл Дүйсебайқызы сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
Шара барысында «Ақ жол» партиясы төрағасының аймақтық жұмыс жөніндегі орынбасары Берік Сәлімжанұлы да филиалдың жұмыстары көңіл қуантатынын айтты. «Жамбыл облысындағы әріптестеріміздің еңбегін жоғары бағалауға тұрарлық. қыркүйек айында бұл ұжым «Үздік филиал» атанғанын еске салғым келеді. Одан бұрын да, кейін де іргелі істерімен көзге түсіп жүрген филиал алдағы уақытта жақсы жаңалықтарымен қуантады деген ойдамын», - деді Б. Дүйсембинов.
Конференцияда мандат комиссиясы Берік Тлебаевтің баяндамасы тыңдалып, бекiтілді. Содан соң филиал төрағасы Асан Қошмамбетовтің басқа қызметке ауысуына байланысты, жаңа төраға лауазымына Мұханбеталы Шалқарбековтің кандидатурасы ұсынылды. Делегаттар кандидатты бір ауыздан қолдап, дауыс берді.