23 қараша 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жолдың» депутаттық сауалынан кейін отандық өндірістің шикізатынан дайындалған тазартылған бағалы металдар – алтынды, платинаны ҚҚС-тан босату мүмкіндігі қаралады.
Айта кетейік, биылғы жылдың қазан айында «Ақ жол» фракциясының Мәжіліс депутаты Д.Еспаева адал қызмет етіп жүрген зергерлік кәсіпорындарды қолдап, зергерлік бұйымдардың көлеңкелі айналымын қысқарту бойынша шаралар ұсынған болатын.
Қазақстан зергерлер лигасының деректері бойынша саладағы көлеңкелі айналымның үлесі 90%-ға дейін жетеді. Зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы себептерінің бірі - 2018 жылдан бастап тазартылған алтынды сатып алуға ҚҚС енгізілуі. Бұл шара салық базасын ұлғайтып қана қоймай, заңды айналымның қысқаруына және бағалы металдың көлеңкелі айналымына көшуге алып келді.
«Зергерлік өндірісі дамыған барлық елдерде алтын сатып алуға ҚҚС жоқ, оларға тек өнім өндірісі мен оларды сатуға салық салынады. Бұл өндірістің өсуіне және көлеңкелі нарықтың қысқаруына оң әсер етеді», - деп сауалда атап өтілді.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттары вице-премьер Ә. Смайыловтың атына зергерлік саланы қолдау бойынша ұсыныстармен жүгінді, оның ішінде - зергерлік кәсіпорындардың тазартылған алтынды бұйымдарға өңдеу үшін сатып алуы кезінде ҚҚС-ты алып тастау.
«Ақ жол» депутаттық сауалына келіп түскен жауапта зергерлік салаға салық салуды жетілдіру мақсатында тазартылған алтын сатып алуға ҚҚС-ты алып тастау бойынша осы жеңілдікті қалпына келтірудің орындылығы мәселесі қаралатыны айтылған.
Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Салық саясаты мен әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сондай-ақ Парламент депутаттарын, зергерлік саланың қауымдастықтары мен қатысушыларын шақыра отырып, талқыланды. «Ақ жол» партиясы мен оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны іске асыру және адал бизнестің мүдделерін қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыруда