01 наурыз 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы
Жуырда 17 ақпан күні “Ақ жол” ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Ииса Шымкент қаласына жасаған іс-сапарында, Абай ауданына қарасты ЫНТЫМАҚ - 2 мөлтек аудан тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерін тыңдаған болатын.
«Жол азабын жүрген білер» демекші ауыл арасындағы жаяу жүргіншілер жолын жүргізіп, жарықтандырса екен деген тұрғындардың ақ тілегі бүгінде өз шешімін тауып, орындалып жатыр.
"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса келгенде аталған мөлтек аудан тұрғындары мазарат маңындағы ауыл ішін үлкен жолға жалғап тұрған жалғыз аяқ жаяу жүргіншілер жолының жай-күйін айтып шағымданған болатын. Себебі осы уақытқа дейін бұл көшеде мүлдем жол, жарықшамдар болмаған.
Балалар мектепке баратын қысқа жол осы. Ауа-райының қолайсыз уақытында ми батпаққа айналып, жүру мүмкін болмайтын. Кеш батса тас қараңғы жолмен жүру қорқынышты болғандықтан мектеп оқушылар үлкен жолдың бойымен келуге мәжбүр болатынын айтып, жол төселуіне және түнгі жарықшамдар орнатылуына өз ықпалын тигізуді өтінген.
Қазіргі таңда араға небәрі екі апта уақыт салып бұл көшеге шағал тас төселініп жатыр. Маусым айына қарай асфальт жол түсетін болды. Халық дән риза.
Халықтың қуанышын бөлісу үшін бүгін арнайы Назипа Дарханбайқызы Ынтымаққа барып, тұрғындармен жолығып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын көріп қайтты. Кездесуге Шымкент қаласының энергетика және инфроқұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Нигметулы қарамағындағы бас маман Шохан Айдарбекті жіберді. Аталған елді-мекендегі мәселелерді тыңдап, шағал тас төселген көшеге жарықшам орнату жұмыстарын талқылады және алдағы бір апта ішінде түнгі жарықшамдар орнататынын айтып, өз уәдесін берді.
Елдің аманатын билікке жеткізіп, өтініштерін жерге тастамаған «Ақ жол» партиясының мәжіліс депутататтары Азат Перуашев пен Қазыбек Исаға және Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Назипа Дарханбайқызына жергілікті тұрғындар рахметін айтып, алғыстарын жаудырды, ақ батасын берді.