10 тамыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы
«Ақжолдық» депутаттар Ерлан Барлыбаев пен Серік Ерубаев, партияның облыстық филиал төрағасы Серік Мерғалиев Орал қаласындағы ең ірі сауда орталығының кәсіпкерлерімен кездесті.
Бұл жерде 300-ден астам кәсіпкер сауда нүктелерін жалға алып, ондаған жыл бойы жұмысын жүргізіп келеді. Алайда карантинге байланысты қатаң әрі, олардың сөзінше, “қисынсыз” шектеулер бизнес өкілдерінің құтын қашырып, сауда жасауға мүлдем мүмкіндік бермей отыр.
Бұған қоса ғимарат ішіндегі кинотеатр иелері де жұмыс жасау регламентімен мүлдем келіспейтіндіктерін айтады. Бұл кәсіпкерлерге жұмыс жасауға таңертеңгі 09:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ғана рұқсат берілген.
Сауда бутиктері иелерін де осы ереже алаңдатып отыр. Мысалы, олар жұмыс күндері таңғы оннан жұмысын бастап, кешкі 17:00-де есіктерін құлыптауға мәжбүр. Демалыс күндері тіптен жұмыс жасауға тыйым салынған.
Кездесу барысында депутат Ерлан Барлыбаев аталған мәселелер бойынша облыстың бас санитарлық дәрігерімен кездесіп, кәсіпкерлердің талап-шағымдарын ескеретіндігін жеткізді.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің сауалдарына «Ақ жол» партиясының жергілікті деңгейдегі облыс, қала, аудандық мәслихат депутаттары да жауап берді. Аталған мәселелер партияның облыстық филиалында өңірдің бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев, кәсіпкерлер палатасы филиалы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаев және депутаттардың, кәсіпкерлердің қатысуымен өтетін басқосуда талқыланады.
Сондай-ақ, халық қалаулылары пандемия кезінде жанын шүберекке түйіп жұмыс жасаған медицина қызметкерлерінің бірегейін партия президиумы атынан «Жанқиярлық күресі үшін» медалімен марапаттады.
Олардың ішінде Орал қалалық көпбейінді аурухана басшысы Арман Мұрзахметов, терапевт-дәрігер Дина Базарбайқызы мен қалалық 1-ші емхана директоры Светлана Ермекқалиева және басқалары бар.
Салатанатты шарада Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев ақ халатты абзал жандарға партия төрағасы Азат Перуашевтың алғысын жеткізіп, еліміздегі кең тараған дертпен күресте әр дәрігердің күн сайын үлкен ерлік жасап жүргенін тілге тиек етті.
Серік Сәрсенұлы да өз кезегінде дәрігерлердің мәртебесін көтеру, оларға құрмет көрсету, әсіресе, осындай қиын, сын сәттерде айшықталуы қажет деген пікір айтты.
Шара соңында партия президиумы атынан 2020 жылда өткен сайлауалды насихат жұмыстарына атсалысып, ерекше танылған бірқатар азамат «Қазақ мемлекетіне - 100 жыл» медалімен марапатталды.
Мәжілісмендердің өңірдегі жұмыс сапары әлі жалғасуда.