7 шілде 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалы
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырау мұнай өңдеу зауытында болды.
Зауыттың бас директоры Ш.Данбай кәсіпорынның ағымдағы өндірістік көрсеткіштері туралы айтты. Маусым айында жоспар бойынша 467 мың тонна мұнай өңделсе, шілдеде бұл көрсеткішті 485 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Атырау мұнай өңдеу зауыты тәулігіне 4600 тонна бензин, 5200 тонна дизель отынын өндіреді.
Мұнан соң TAZALYQ жобасына кіретін жабық типтегі жаңа механикалық тазарту құрылысының (МТҚ) алаңына барды. Биыл төрт технологиялық блоктың екеуі іске қосылады деп жоспарлануда. Құрылыстың қалған бөлігі 2022 жылы аяқталады.
TAZALYQ жобасының тағы бір бөлігі – «Сасық сай» булану алқабын қалпына келтіру жұмыстары. Атыраудың ең үлкен экологиялық мәселесі мерзімінен кешіктірмей шешілуде.
- Бұл зауыттағы қоқысты бөлек жинауға арналған экологиялық жоба. Кәсіпорын аумағында қағаз, шыны мен пластикке арналған ондаған түрлі-түсті контейнерлер орнатылған. Олар қоқысты одан әрі кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін қажет. Кәдеге жаратудың мультипликативті әсері бар. Қызметкерлер бұл мәдениетті өз отбасы мен айналасына да үйретеді, - деді зауыт басшысы Ш.Данбай.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Атырау облысы Исатай ауданы Х.Ерғалиев және Жанбай селолық округтерінің халқымен кездесіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдады. Кездесуде негізінен ауылшаруашылығы бойынша оның ішінде мал шаруашылығын дамыту, азық-түліктің қымбаттауы, жастардың жұмыссыздығы мен ауылдағы каналдарға су жіберу және тұрақты сақтап тұру мәселелері көтерілді.