Қасым-Жомарт
Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Республикалық
қоғамдық штабқа (РҚШ) барып, үгіт-насихат және талдау орталықтарының,
кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің
жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабының, жастар алаңының жұмысымен
танысты.
Республикалық қоғамдық штабтың құрамына 474
адам енген. Олардың арасында Халықтық коалицияға біріккен ұйымдардың белгілі
азаматтары, ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, Парламент депутаттары,
жастар және басқа да тұлғалар бар. Еліміздің әр өңірінде, оның ішінде қалалар
мен аудандарда 226 штаб құрылып, 6 мыңнан астам адам қызмет етеді.
РҚШ мүшелері еліміздегі 200-ден астам елді
мекенді аралап шығуды жоспарлап отыр. Республикалық және өңірлік штабтар 52
мыңнан аса іс-шара өткізбек.
Жалпы, үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық
коалицияның 7,5 мың белсендісі тартылды. Сондай-ақ 30 мың сенімді өкіл
тіркеліп, сайлау күні барлық учаскелерде жұмыс істеу үшін 20 мыңға жуық
бақылаушы дайындалды.
Республикалық және өңірлік қоғамдық штабтардың
жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев барлығына сенім артқаны
үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті
Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды
бағдарламасын таныстырды.
Бірінші қағида – Әділетті мемлекет.
– Біз саяси жаңғыртуды дәйекті түрде
жалғастыра береміз. Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырамыз. Біз
сот билігінің тәуелсіздігін нығайтамыз. Құқық қорғау саласында түбегейлі
реформа жүргізіп, армиямыздың қорғаныс қабілетін арттырамыз. Біз жүргізген
конституциялық реформа мен институционалды өзгерістер Қазақстан дамуының
түбегейлі жаңа саяси моделінің негізін қалады, – деді Қ.Тоқаев.
Екінші қағида – Әділетті экономика.
– Бұл халықтың, бизнес пен мемлекеттің
мүдделерін тең қорғау идеясына негізделген әділетті экономиканы құруды,
ресурстарды тиімді пайдалануды білдіреді, – деп атап өтті үміткер.
Үшінші қағида – Әділетті қоғам.
Бұл қағида дамыған әлеуметтік инфрақұрылым құруға және адам әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер ашуды, әділетті әлеуметтік саясат жүргізуді көздейді.