27 қаңтар 2025 жыл, Астана қалалық филиалы
2025 жылдың 27 қаңтарында Астаналық «Ақ жол» демократиялық партиясының
қалалық филиалында «Адам өмірін құтқарғаны үшін» медалімен марапаттау рәсімі
өтті. Бұл жоғары марапат «Астана Медицина университеті» 7-курс студенті
Бектұрған Дінмұхаммед Нұрболатұлына ұшақ рейсінде жолаушының өмірін құтқару
үшін жасаған батыл әрекеті үшін табысталды.
Салтанатты рәсім Дінмұхаммедтің отбасы мен жақындарының қатысуымен жылы әрі
әсерлі күйде өтті. Олар оның ерлігін мақтан тұтатынын жасырмады. Медальді
Астанадағы «Ақ жол» демократиялық партиясы қалалық филиалының депутаттары
Ибраев Қанат Сұлтанұлы мен Күлмағамбетова Жанаргүл Жұмабайқызы табыстады.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 10 қаңтарында Қызылордадан Астанаға бағыт
алған рейс кезінде жолаушылардың бірінде жүрек талмасы орын алып, жүрек пен
тыныс алу тоқтап қалған болатын. Бортсеріктердің өтінішіне жауап берген
Дінмұхаммед жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, жолаушының өмірін ұшақ қонғанға
дейін құтқарып қалды.
Бұл медаль Дінмұхаммедтің мейірімділігін мойындау ғана емес, сонымен қатар
қоғам үшін үлгі боларлық оқиға.