1 маусым 2023 жыл, «Ақ жол» дкомкратиялық партиясының Астана қалалық филиалы
Биылғы жылдың 1 маусымында партияның Астана қалалық филиалында партиялық тізім мен бір мандатты сайлау округтері бойынша елорда мәслихатының депутаттығына кандидаттарға, олардың сенімді өкілдеріне және өткен Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауындағы партия байқаушыларына арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Көптеген кедергілерге қарамастан (сайлау учаскелерінде жасанды түрде жасалған кедергілер) «Ақ жол» ҚДП-ның бақылаушылары мен сенімді өкілдері сайлау күні сайлау учаскелерінде соңына дейін болып, әрбір дауысты қорғады.
Төсбелгілерді табыс еткен филиал төрағасы Асқар Смағұлов Астана филиалы елорда мәслихатына 19,96 пайыз дауыс жинағанын және бұл «Ақ жол» ҚДП филиалдары арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.
Бақылаушылар – әділ сайлаудың кепілі! Елдегі жағдайды жақсы жаққа өзгертуге, демократиялық қоғам құруға ұмтылып, осы сайлауда азаматтық позициясын танытқан әрбір байқаушысына Астана қалалық филиалы алғысын білдіреді.
Алғыс сөзінде филиалдың орынбасары Абзал Әбенов сенімді өкілдер мен бақылаушылардың маңызды рөліне тоқталып, алдағы уақыттағы ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.
Сондай-ақ «Ақ жол» партиясынан қалалық мәслихаттың депутаты Қанат Ибраев сөз сөйлеп, елорда мәслихатының депутаттық корпусында партиядан үш депутаттың болуы – сайлаушылар дауысы әділетті түрде естілуі үшін күрескен бақылаушылардың еңбегі екенін тілге тиек етті.
Қазір Астана қаласының мәслихатында «Ақ жол» фракциясы тіркеліп, елорда тұрғындарының игілігі үшін қызмет етуде. Партияға, қалалық филиалға түскен өтініштердің барлығын депутаттар жеке қарап, пысықтайды.