23
Маусым

Астана филиалында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы» атты дөңгелек үстел өтті

23 маусым 2023 жыл, «Ақ жол» дкомкратиялық партиясының Астана қалалық филиалы

Биылғы жылдың 23 маусымында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын «Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалының бастамасымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, отандық салалық бизнес өкілдерінің, «Астана қаласының Құрылыс басқармасы» ММ-нің және «Samruk-Kazyna Construction» қатысуымен өтті.

Астана қалалық филиалы атынан 8-ші шақырылымдағы елорда мәслихатының депутаты Қанат Ибраев, төрағаның орынбасары Абзал Әбенов, мәслихаттың 7-ші шақырылымының «Ақ жол» партиясынан экс-депутаты және «СтройБизнес» СК ЖШС коммерциялық директоры Бауыржан Жанғұнақов, филиалдың қалалық кеңесінің мүшесі және «ҚазжолҒЗИ» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Мейрамгүл Қадырғалиева және филиал заңгері Денира Байділдинова қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 Қаулысы мен Қазақстан Республикасының «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңын ескере отырып, ұлттық жобаны жүзеге асыруда құқықтық базаға негізделген бірлескен жұмыс тобын құру. 

«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасында экономиканың импортқа тәуелділігі мәселесі көтеріліп, инфляцияны ҚР Ұлттық банкінің жоғары мөлшерлемесімен емес, отандық өндіріс арқылы тежеуді ұсынады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы апатты жағдайдағы нысандарды, үш ауысымда оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушылар орнының тапшылығын жоюға бағытталған. Жобаны іске асыру жаңа 401 мектептің салынуын көздейді.

Қанат Ибраев Үкімет қаулысын бұзғаны үшін жауапкершілікті еске салып, жобаның операторы «Samruk-Kazyna Construction» тарапынан кеткен заң бұзушылықтар тізімін жариялады. Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламасына тоқталған ол, «Ақ жол» партиясы импортты алмастыру, ұлттық экономиканы ынталандыру және отандық өндірісті дамыту тақырыбын қозғайтынын тілге тиек етті.

2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 401 жаңа мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде 221 мектептің (шамамен 1,5 трлн теңге) құрылысы биыл басталады. Жалпы бюджеттің 40%-ға жуығы құрылыс материалдарын, жиһаз бен жабдықтарды сатып алуға бағытталады, бұл ақшалай есептегенде 1 триллион теңгеден астам соманы құрап, Қазақстандағы құрылыс материалдарының жылдық өндірісіне дерлік сәйкес келеді (2022 жылдың аяғында 1,1 трлн. теңге).

Бұл салада құрылыс материалдары мен жиһаз шығаратын 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 110 мың адам еңбек етуде, орташа жалақылары шамамен 240 мың теңге. Мектеп құрылысында отандық тауар өндірушілердің өнімдерін барынша пайдаланған жағдайда кәсіпорындардың жүктемесін 1,5 есеге арттырып, 100-ден астам жаңа жобалар мен кәсіпорындар құруға болады.

«Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалы бұл жобаны жергілікті өндіріс пен Қазақстан экономикасының дамуына септігін тигізетін отандық тауар өндірушілерді тартудың тамаша мүмкіндігі деп санайды. Яғни, бюджет ақшасы жергілікті кәсіпорындардан салық түрінде қайтарылып, елде қалады.