Астанада өртенген «Байқоңыр» кешенiнiң тұрғындары көмекке зәру – А.Перуашев
Әкiмдiк өкiлi тұрғындардың жағдайыбасты назарда екенін атап өтті.
Бүгiн Тұрғын үй тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Азат Перуашев жуырда Астанада өртке оранған «Байқоңыр» кешенiнiң тұрғындары көмекке зәру екендiгiн айтып, қалалық әкiмдiктен қандай жұмыс атқарылып жатқандығын сұрады, деп хабарлайды
BNews.kz.
«Жуырда «Байқоңыр» көпқабатты тұрғын үйiнен өрт шықты. Үйдiң ауласы көлікке толы болғандықтан, өрт сөндiрушiлер оқиға орнына кiре алмаған. Оларға тұрғындармен бiрiгiп, машиналарды жылжытуға тура келген. Тұрғындардың айтуынша, ол үйде өрт қана емес, қатты түтiн шыққан. Онда тұру мүмкiн емес, iшi түтiннен қап-қара ыс болып кеткен. Тұрғындар қалалық қызметтерге хабарласса, бұл сiздердiң «проблемаларыңыз» деп жауап бередi екен. Жақында Алматыдағы «Юбилейный» дүкенiнде де өрт болды. Қала әкiмi халықпен кездесiп, екi-үш аптадан кейiн тұрғындар жөнделген пәтерлерiне кiрдi. Ал бiзде неге тұрғындарға көңiл бөлiнбейдi?», - деп сұрады Азат Перуашев.
Астана әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Сергей Хорошун бұл мәселеге нүктенi тергеу қояды деп жауап бердi. Оның айтуынша, алдын ала мәлiмет бойынша өрт «кабельдердiң» ұрлануы салдарынан тұтанған. Қалған «кабельдер» түскен салмақты көтере алмаған.
«Бұл үйдiң пайдалануға берiлгенiне бiрнеше жыл болды. Тұрғындар өз заттарына ие болуға мiндеттi», - дедi Сергей Хорошун.
Азат Перуашев әкiмдiк өкiлiнен «тұрғындар ендi кабельдердi күзетiп тұруы керек пе» деп сұрап едi, С.Хорошун: «Кабельдер кiреберiсте орналасқандықтан үйге пәтер иелерiнiң кооперативi (ПИК) жауап бередi. Кооперативпен келiсiмшарт бекiтiлген, сондықтан ПИК оны қадағалауы керек едi», - деп қысқа қайырды.
«Егер бұған ПИК жауапты болса, тұрғындардың қатысы қанша? Кооперативтердiң проблемасы әлi де көп екендiгiн бiлемiз. Кiнәлiнi iздегенше бiр-екi жыл өтедi, ал тұрғындар қайда барады?», - дедi депутат.
Әкiмдiк өкiлi тұрғындардың жағдайы басты назарда екенін атап өтті.
«Барлығы анықталғанша, аудан әкiмдiгi шаралар қабылдауда. Кабельдер алынып, қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Осы жұмыстарға тұрғындар бiр тиын жұмсаған жоқ. Сараптама қорытындысы бойынша нақты шешiм қабылданады», - деп уәде бердi С.Хорошун.