16
Наурыз

Астанада «Senat Open» II Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті

16 наурыз 2025 жыл, Астана қалалық филиалы

2025 жылғы 16 наурызда Астанада «Senat Open» II Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті. Турнирді ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ұйымдастырды. Бұл бастаманы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерген болатын.

Турнирде Эло рейтингі 2000-ға дейінгі 125 шахматшы бақ сынасты. Олардың қатарында Қазақстанның Демократиялық партиясы «Ақ жол» Астаналық филиалы қалалық кеңесінің мүшесі Түсіпов Серік Тұяқұлы да болды.

Жарысқа Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Сағынтайұлы Есенов пен Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысты.

Қызықты әрі тартысты өткен ойындардың нәтижесінде үздік 35 шахматшы анықталып, олар турнирдің бес жартылай финалының бірінде елорданың намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. Түсіпов Серік Тұяқұлы жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, осы үздіктер қатарына қосылды.

«Ақ жол» партиясының Астаналық филиалы Серік Тұяқұлын сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, жартылай финалда жеңіс тілейді!