27
Маусым

Асубұлақ ауылындағы су құбырының жаңғыртылуы тұрғындардың наразылығын туғызды

27 маусым 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

Ұлан ауданына қарасты Асубұлақ ауылында су құбырының қайта жаңғыртылуы тұрғындар тарапынан наразылық тудырды. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының ШҚО филиалы ауылдағы жағдайды өз бақылауына алды.

Көптен күткен реконструкция кезінде мердігерлер ауыл халқын техникалық судан айырды, ал жуырда ішетін су да тоқтап қалды. Ең ыстық күндерде сусыз қалған тұрғындар бұл жағдайдың балалар мен егде жастағы адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп отырғанын айтуда.

Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңгеден асады. 45 шақырым су желісін салу жоспарланған. Қазірге дейін 20 шақырымға траншея қазылып, 18 шақырым құбыр төселген. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Су жүйесі қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын арнайы мемлекеттік қордың қаражатымен жүргізілуде.

Қазіргі таңда ауылда уақытша су жеткізу ұйымдастырылған, бірақ бұл мәселе толық шешілген жоқ.

«Ақ жол» партиясы құрылыс сапасына, уәделердің орындалуына және тұрғындардың құқығының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізетін болады.