12
Қыркүйек

Ақтауда «Салауатты сана» кеңесінің отырысы өтті

2024 жыл 12 қыркүйек, Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында әзірленген «Салауатты сана» кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Кеңеске ҚР Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи, өңірдің зиялы қауым өкілдері, облыстық саяси партиялардың басшылары, ҚХА мүшелері, қоғамдық ұйымдар қатысты.

Жиында бүгінгі қоғамның дертіне айналған нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық тақырыбында баяндамалар оқылып, әлеуметтік кеселдермен күресу жолдары талқыланды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бес әлеуметтік кеселге» қатысты айтқан тапсырмаларының маңыздылығына тоқталып, оны қоғам болып жоюға шақырды.

Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы күрес және жастарды дұрыс тәрбиелеу бағытында шаралар қабылдау тапсырылды.