4 шілде 2025 жыл, Ақтөбе облыстық филиалы
Ақтөбе қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Ақ жол»
демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Дәния Мәдиқызы Еспаеваға Ауған соғысы
ардагерлері алғыс білдірді.
Кездесу барысында ардагерлер халық қалаулысына өздерінің әлеуметтік
жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жеңілдіктерге қатысты
бірқатар өзекті мәселелерге көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп жүргені үшін
ризашылықтарын жеткізді.
«Сіздің қолдауыңыз тек материалдық көмек емес, бұл – ел үшін ерлік
көрсеткен азаматтарға деген құрметтің нақты көрінісі. Ауған соғысы
ардагерлеріне жасалып жатқан қамқорлық – олардың Отан алдындағы адал қызметіне
берілген лайықты баға», – деп атап өтті ардагерлер.
Дәния Еспаева ардагерлердің елге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оларға
жан-жақты қолдау көрсету — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін айтты.
Сонымен қатар, Мәжіліс қабырғасында ардагерлердің әлеуметтік құқықтарын
қорғауға бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

