Бүгін «Ақ жол» демократиялық
партиясының Атырау облыстық филиалында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын
өтті. Іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев, жергілікті
мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиынды облыстық филиал
төрағасы Ермекқалий Юсупов құттықтау сөзімен ашып, Тәуелсіздік мерекесінің рухани
маңызы мен «Ақ жол» партиясының ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Тәуелсіздік күніне
орай бірқатар азаматтарға партияның «Еңбегім еліме» медалі тапсырылды. Марапаттарды
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы табыс етті. Медаль иегерлерінің
қатарында кәсіпкерлер, ұстаздар, медицина қызметкерлері және өңірдің түрлі салаларында
белсенді еңбек етіп жүрген азаматтар бар.
Салтанатты жиында партия
қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партиялық билеттер тапсырылды. Олар өз
сөздерінде партия жұмысына белсенді атсалысып, саяси бағдарламаның жүзеге асуына
үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
2025 жылғы «XXI ғасырдағы
Алаштың ақ жолы» республикалық байқауына Атырау облысынан қатысып, белсенділік көрсеткен
білім беру саласының өкілдері: Тұрсынай Амангелдіқызы – тарих пәні мұғалімі (Ы.Алтынсарин
атындағы мектеп), Маусымжан Лесқалиқызы – құқық пәні оқытушысы (Каспий өңірінің
көпсалалы жоғары колледжі), партия атынан Алғыс хатпен марапатталды. Марапат алу
сәтінде олар байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, шараға қатысу
өздеріне зор тәжірибе мен ерекше әсер сыйлағанын жеткізді.
Жиын соңында ҚР Парламент
Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев және облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов
сөз сөйлеп, партия бағдарламасының өңірде жүзеге асу барысы және алдағы жоспарлар
туралы ақпарат берді.








