2023 жыл 12 қазан, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол»демпартиясы Үкіметтен біртұтас экономикалық саясат жүргізуді талап етеді – бұл туралы Азат Перуашев сайлаушылардың өтінімдері бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы сөйлеген сөзінде айтты.
Азат Перуашев өз
сөзінде «Ақ жол» фракциясы сайлаушыларының өтініші бойынша бұған дейін де
бірнеше рет көтерген мәселелер кешенін атап өтті. Соның бірі инфляция мен
бағаның өсуі проблемасы.
«Мемлекеттік органдар инфляциямен қарама-қайшы әрекеттер арқылы күреспек: Ұлттық банк бизнес үшін несиелердің тым қымбаттап кетуіне алып келетін базалық мөлшерлемені шарықтатуда. Осы орайда, Сауда министрлігі мен әкімдіктер тиісті баға қалыптастыруға тыйым салып отыр, яғни, шығынға батуға итермелеуде. Ол аздай, Үкімет монополистерге тауардың өзіндік құнына кіретін тариф бағасын өсіруге рұқсат беруде.
Құрметті мемлекеттік органдар, сіздер өзара бір ымыраға келіп, нақты мақсаттарыңыздың қандай екенін анықтап алмайсыздар ма?!. Әйтпесе, бұл шырғалаң аққу, шаян һәм шортан мысалынан аумайды. Қазір шынтуайтында сіздер банк олигархтары мен энергетика олигархтарын қолдап отырсыздар. Ал, ақыр аяғында барлығы шағын және орта бизнестің мойнына артылуда, алайда, олар да осы елдің бір бөлшегі», - деді А.Перуашев.
«Олар офшорларға
қаржысын шығармайды, яхталары мен жеке ұшақтары жоқ, керісінше, күнделікті
табанды еңбегімен қосымша құн жасап, экономиканы ілгерілетуде. Оларға жұмыс
жасауға мүмкіндік беріңіздер - несиелерді қазіргі 22-23%-дан тым болмағанда
10-12%-ға дейін төмендетіңіздер; тарифтердің бөтеннің қалтасына емес,
энергетиканы жаңғыртуға жұмсалуын қамтамасыз едіңіздер; президент тапсырғандай,
әлеуметтік тауарлар үшін салықты азайтыңыздар», - деді ол.