23
Қантар

Автоорындық 'әлдиі' әлі де ұзаққа созылады-ау... - Казакстан-Zaman (Алматы)

 
Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» КДП фракциясының депутаты М.Қазбекова балалар автоорындықтары туралы норманы қайта қарауды талап етіп, ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауалдың астарында «ашынғаннан шығады ащы даусым» жатқаны байқалады. Иә, алғашқы күннен «жолы болмаған» «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңындағы соңғы өзгерістер мен ҚР Жол қозғалысының жаңа ережелері қоғамды дүр сілкіндіргені өтірік емес. «Байқамаса, быламыққа да тіс сынады» демекші, көпшілікті '12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстап қалатын құрылғы немесе балаларды түймелейтін қауіпсіздік белбеуінсіз тасымалдауға тыйым салатын' норма ашуға булықтырды. Бүл ереже көптің көңілінен шықпады.
Бүл норманы қабылдауға итермелеген балаларды автокөліктермен тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігі болатын. Алайда бүл норма қоғамдық резонанс туғызды. Осыны тілге тиек еткен депутат: «Бүгінгі таңда ҚазТАГ-тың хабарлауы бойынша, Республикамызда 4,5 млн. автокөлік тіркелген. Егер әрбір төртінші автоәуесқойдың 12 жасқа дейінгі баласы бар деп болжасақ, онда сатылымда бір мезетте 1 млн. автоорындыққа дейін болуы тиіс. Бұл мүмкін емес. Ал егер жанұяда үш не одан да көп бала болса ше? Олар үшін бір жолғы шығындану тым қымбатқа соғады. Бұдан басқа, шағын немесе үнемді автокөліктерге нақты алғанда бірнеше балалар орындықтарын орнату мүмкін емес», — деп налып отыр.
Өткеннен сабақ алуды көксеген «ақжолдықтар» Үкімет басшысынан мына мәселелерді қарауды өтінді:
1. Жоғарыда айтылған нормаларды және автокөліктерді балалар орындықтарымен жабдықтауды іске асыру үшін 12 айға өтпелі кезең беру керек. Мысалға, 2006 жылы Ресейде осындай норманы енгізу бір жылға кейінге шегерілген.
2. 6 жасқа дейінгі балаларды автоорындықтармен қамтамасыз етуді міндеттеп, белгіленген мерзім ішінде осы заңның нормаларын қайта қарау, ал 6-12 жасқа дейінгі балаларға осы норманы ұсынбалы етіп жасау.
Мұнымен бірге, қолданыстағы ережелер бойынша жолаушылар кезкелген жағдайда қауіпсіздік белбеулерімен түймеленуі тиіс екендігін ескеру қажет», — дейді олар.
 
Дерекнама - Казакстан-Zaman (Алматы), № 3 (1026), 22.01.2015