Қазақстан экономикасы жаңа форматқа көшуде - А.Перуашев - www.inform.kz
ҚазАқпарат - Бiз экономикамызды жаңа форматқа көшiрiп жатырмыз және жаһандық экономикалық қауiп-қатерлердi жаңа мүмкiндiктерге айналдырудамыз. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ҚР Парламентіндегі фракциясының жетекшісі Азат Перуашев мәлiм еттi.
«Күнi кеше Елбасының ұсынған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бүгiнгi таңда ел алдында туындаған қауiп-қатерлердi жаңа мүмкiндiктерге айналдыруға және ұлттық экономиканың түр-тұлғасын жаңа форматқа көшiруге бағытталған. Әдеттегiдей күтпеген тұста Елбасы ұлттық мәселелерге дөп тиетiн жауаптар мен ұсыныстарды ортаға салды. Мен бұл стильдi «Назарбаевтың өткiр жүздi қылышы» деп атар едiм», - дедi ол.
«Бұның алдында да 2008 жылдары әлемдiк дағдарыстың басталған шағында индустрияландыру бағдарламасын бастады. Қазiр оның жемiсiн ендi көрiп жатырмыз. Өндiрiстер ашылып, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тауарлар шығып жатыр, ескi өндiрiстер заманауи технологияға ие бәсекеге қабiлеттi iрi өнеркәсiпке айналды», - деп атап өттi депутат.
Оның айтуынша, Президенттiң идеясымен құрылған Ұлттық қор бүгiнгi таңда өзiнiң өзектiлiгiн дәлелдедi.
«Ұлттық қордың құрылуы кезiнде елде талай қарсы сөздер болды. Мұнай ақшасын елге таратайық, жылына 17 мың теңге шығады деп жатты. Сол 17 мың теңгенi ел iшiп-жеп, ол туралы ұмытып та кетер едi. Сол ысырапшылықты қазiргi Ұлттық қордың экономикаға берiп жатқан зор үлесiмен салыстыруға келе ме?!», - дедi А.Перуашев.
Дерекнама - www.inform.kz (Казахстан), 13.11.2014