26
Қыркүйек

«Қазақстан Конституциясына – 30 жыл: тұрақтылық пен өркендеудің негізгі реформалары» тақырыбындағы конференцияға Руслан Мырқалықов пен Ардақ Жаңбыршы қатысты

26 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Қазақстан Конституциясына – 30 жыл: тұрақтылық пен өркендеудің негізгі реформалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияға ақжолдық депутат Руслан Мырқалықов пен "Ақ жол" ҚДП Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы Ардақ Жаңбыршы қатысты.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Конституциясына – 30 жыл: тұрақтылық пен өркендеудің негізгі реформалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, қалалық, аудандық аумақтық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары, оқу орнының «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушылары қатысқан конференцияға «Ақ жол» демпартиясының өкілдері арнайы шақырылды.

Жиынды Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы ашып,  конференция – Конституцияның құндылықтарын, оның қоғамдағы орнын терең түсіну, жастар мен азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру жолындағы ортақ пікір алаңы екендігіне тоқталып өтті. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы Конституцияның 30 жылындағы негізгі реформалар жөнінде, М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытшысы, заңтану магистрі Е. Сарымбетов «Конституция – еркіндік пен теңдіктің кепілі» тақырыбында баяндама жасады.

«Конституциялық реформалар сайлау процесіне қатысты өзгерістерге бастауда. Бұл өзгерістер мен бастамаларға Алаш идеясын жалғаған «Ақ жол» демпартиясының ұсыныстары түрткі болды десек, артық айтпаймыз», - деді Руслан Мырқалықов референдум өткізу туралы ұсынысқа қатысты пікір сұраған журналистерге.