28.05.2019
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=2183288571719558&id=100001153087084
9 маусымда ресми түрде ҚР Президентінің есімі белгілі болады. Қ. Тоқаевтың президент болып сайланатындығына ешкімнің күмəні болмауы тиіс. Өйткені саяси, əкімшілік, қаржылық жəне ақпараттық қолдау бойынша Nur Otan партиясының кандидатына қалған алты үміткердің мүмкіншіліктері қоса алғанда да теңесе алмайды. Бұл – дəл қазіргі Қазақстан жағдайында бəріміз қашып құтыла алмайтын ортақ шындық.
Дегенмен кез-келген сайлау қазақстандықтардың бір сəтке болса да өздерін ел азаматы сезінуіне, конституциялық құқықтары туралы ойлануына, мемлекеттің даму бағытына қатысты өз дауысын қосуға мүмкіндік.
Қазір халық арасында билікке наразы топты біріктіруші үміткер ретінде бағаланып келген Əміржан Қосановтың кандидатурасы мен оның сайлауалды штабының жұмысына қатысты талас-тартыс күшейіп, əлеуметтік желіде қоғам екі топқа бөлінген-ді. Бірінші топ Ə.Қосановты “биліктің жобасы” деп айыптап, сайлауға байкот жариялауға шақырса, екінші топ “Ұлт тағдыры” қозғалысының атынан додаға түсіп отырған кандидатты қолдау Қазақстандағы жағдайды өзгертудің жалғыз жолы деген ойда. Бұл айтыс 9 маусымға дейін де жəне кейін де жалғасуы мүмкін.
Өкінішке қарай, сайлауға қатысты əңгіменің төңірегінде “Сайлаушылардың басым көпшілігінің көңілінен шығатын президенттік кандидат қандай болу керек?” деген сұрақ көлеңкеде қалып кетті. Сонымен дəл қазіргі Қазақстанға қандай президент керек? Біздің ойымызша, дəл қазір елге “Дания Еспаева” бейнесіндегі қарапайым халықтың өмірінен хабардар, өз ісінің бүге-шігесін жақсы білетін кəсіби маман, сайланбалы органда қызметте болған, жемқорлыққа өзі жəне отбасы мүшелері былғанбаған, олигархтарға тəуелсіз кандидат керек.
Self-made кандидат.
Кез-келген президент сайлауында кандидаттарға электорат тарапынан қойылатын басты талаптардың бірі–өмірлік тəжірбиенің болуы. Қазір халық өзінің жағдайын жақсы түсінетін, қарапайым адамдар арасынан қоғамдағы түрлі кедергілерге қарамастан өз қарым-қабілеті арқылы жетістікке жеткен адамның президент болғанын қалайды. Өз халқын екінші кезекке қойып, əлемді құтқаруды аңсайтын аристократтық-олигархтық образдағы саясаткерлерден шаршады.
Ата-анасыз өсіп, өмірдің ащысын бала кезден ерте татқан Дания Еспаеваның өмір жолы сол сұранысты қанағаттандырады. Ауылдан арман қуып келіп, Алматыдан білім мен тəжірибе жинап, туған өлкеде көкежəкесіз, өзінің табысты еңбегі арқылы сатылап қызметтен өсіп, отбасын құрып, аналық парызын абыроймен қатар атқаруы “Қатын басқарған ел қараң қалады” деген мағынасы жыныстық дискриминацияға толы орынсыз тұжырымды жоққа шығарады. Дания ханымның кандидатурасы тек əйелдерге ғана емес, қоғамда шынайы меритократияны қалайтын, непотизм мен трайбализмнің тарих қойнауына келмеске кетуін қалайтын азаматтардың барлығына үміт сыйлауы тиіс.
“Спарингтен” өткен жалғыз кандидат.
Дания Еспаева 7 кандидаттың ішіндегі жалғыз əйел ғана емес, сонымен қатар президенттік додаға өз партиясы ішінде өткен арнайы 2 турдан тұрған сайлаудағы (праймериз) жеңістің нəтижесінде қатысқалы отырған жалғыз кандидат.
Еске сала кетсек, 24 сəуірде “Ақ жолдың” кезектен тыс съезіндегі сайлаудың алғашқы турында 6 кандидат бақ сынап, екінші турға Д. Еспаева (делегаттардың 49,5% дауысы) мен Т. Ерғалиев (делегаттардың 31,6%) шыққан болатын. Екінші турда ашық дауыс беру жүріп, Д. Еспаева айқын басымдықпен “Ақ жол” партиясының атынан кандидат ретінде сайланды. Осындай бəсекенің элементтері бар праймериз миллионнан астам мүшесі бар Nur Otan партиясында өтпегенін ескерсек, тартыстығы жағынан “Ақ жол” партиясының ішкі сайлауы 9 маусымда өтетін президент сайлауынан басым түсетін түрі бар.
Қазір Д. Еспаева болашақта Дариға Назарбаеваның президент болуына қоғамдық сананы дайындау үшін Ақорда таңдаған кандидат деген конспирологиялық əңгіме жүріп жатқаны белгілі. Бұл əңгіменің еш негізсіз екендігіне көз жеткізу үшін бір ғана фактіге назар аудару жеткілікті. Д. Еспаева сайланбалы қызметке бірінші рет талпынып отырған жоқ. Дания ханым мəслихат жəне Мəжіліс сайлауына қатысу тəжірибесі бар 7 кандидаттың ішіндегі жалғыз саясаткер. Парламентке дейін Ақтөбе облысының мəслихатында екі рет депутат болған ол жергілікті деңгейдегі саяси амбициясы жоғары бизнесмендермен бірге бəсекенің дəмін татқан.
Ал Мəжілістегі бар болғаны депутаттық мандат үшін патриархалды саяси жүйе ережелері бойынша күреске түсу жəне оны жеңіп шығу əйел-саясаткер үшін қаншалықты қиын болғанын елестету қиын емес. Мұндай саяси бəсекені саясатта 30 жылға жуық жүрген қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы көрмеген-ді. Өйткені Мырзатай Жолдасбеков “басты кандидат” деп атаған Тоқаев мырзаның өзі екі ретте де Сенатқа сайлау арқылы емес, тағайындалу арқылы келген болатын.
Кедейшілікпен кешенді күрес.
Ел бюджетінің жартысына жуығы халықты əлеуметтік қолдауға жұмсалуы Қазақстанда кедейшілік мəселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Жаппай кəсіпкерлікті дамыту – Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында үш негізгі бағыттың бірі. Тереңірек үңілсек, жаппай кəсіпкерлікті дамытудың артында кедейшілікпен кешенді күрес идеясы тұр. Дания ханым үшін кедейшілікпен күрес қазіргі биліктің саясатымен қарама-қайшы деуге келеді. Билік халықты көпбалалы отбасыларға ұсынылған 21 мың теңгелік атаулы көмек секілді “балық” беру арқылы кедейшіліктен құтқаруды ойласа, Еспаеваның идеясы – қармақпен балық аулауды үйрету арқылы елдің əлеуметтік жағдайын көтеру. Ақжолдық кандидаттың кедейшілікпен күрес идеясы мемлекеттік бюджетті тиімді жұмсау жəне шағын жəне орта бизнеске жан-жақты қолдаудан тұрады. Мемлекеттің əрбір тиынын тиімді жұмсау Мəжілістегі “Қаржы жəне бюджет” комитетінің мүшесі ретінде де, 34 жыл ғұмырын қаржы саласына арнаған маман ретінде де Д. Еспаева үшін өте маңызды мəселе. Парламент қабырғасында депутат Еспаева мемлекет қаржысын тиімді игеру бойынша проблемаларды бірнеше рет ашық көтерген болатын.
Мəселен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қорының қаржысын жымқыру бойынша шу көтерілген кезде Ұлттық Банктің тарапына өткір пікір білдірсе, 2017 жылы Щучинскте салынып жатқан шаңғы трамплині құрылысы құнының геометриялық прогрессиямен бастапқы 9 млрд теңгеден 61 млрд теңгеге өсуі бойынша депутаттық сауал жолдап, Мəдениет жəне спорт министрлігін қатаң сыңға алған.
Шағын жəне орта кəсіпті кешенді дамыту – Д.Еспаеваның сайлауалды платформасының өзегі. Бизнес айқындылық пен нақтылықты қажет ететін сала. Сол себепті Дания ханымның бағдарламасында кредиттің проценттік ставкасын төмендету, экономиканың ауыл шарушылығы, машина жасау, жеңіл жəне тамақ өнеркісібі секілді салаларына қосымша құн салығын (НДС) азайту, бизнесті банктік емес қаржыландыру жолдарын қарастыру секілді нақты ұсыныстар көрініс тапқан.
Ақжолдық үміткердің басқа кандидаттардан кəсіпкерлікті қолдау ұстанымының тағы бір айырмашылығы – атқарушы билік өкілдеріне тиімсіз шешімдер үшін тікелей жауапкершілік жүктеуді көздейді. Мəселен, бағдарламада девальвация салдарынан халықтың кедейленуіне, отандық бизнестің шығынға ұшырауына Ұлттық Банк төрағасының, кəсіпкерлерге кедергі келтіретін шенеуніктердің қызметтен кетіп, заң бойынша жауапқа тартылуы қарастырылған.
Басқаша айтар болсақ, Алаш құндылықтарын құрмет тұтатын Еспаеваның жаппай кəсіпкерлікті қолдау идеясы А. Байтұрсынұлының “Бай болуға кəсіп керек” деген қанатты сөзіне жəне сол кəсіпті дөңгелетуге мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі тиіс дегенге келіп саяды.
“Айран ішкендермен” күрес.
Factcheck.kz сайтына жүгінсек, Д.Еспаеваның мемлекет алдында салық, айыппұл түрінде өтемеген немесе басқа да формада ешқандай қарызы жоқ. Мемлекеттік сатып алуға қатыспаған жəне СамрұқҚазынамен ешқандай бизнеc келісім жасаспаған. Яғни, мəслихат пен Мəжілісте жүріп, қызметтік бабын өзінің бизнес мүдделері үшін пайдалануды көздемеген депутат. Басқаша айтқанда, жемқорлықпен күрес жайлы сөз қозғауға толықтай моральдық құқығы бар тұлға. Сондықтан Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында “Жемқорлықпен күрес жəне де-оффшоризация” деген бөлімнің болуы заңды.
Депутат ретінде жемқорлық туралы елдегі ықпалды адамдар үшін ыңғайсыз сұрақтарды президент сайлауына дейін де көтерген. Мысалы, 2016 жылы Panama Papers зерттеуінде аты аталған қазақстандықтардың оффшордағы байлықтары туралы сол кездегі премьер-министр К.Мəсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған. Жақында “Ақ жол” партиясы төрғасы А.Перуашевтың 167 млрд АҚШ долларының елден оффшорларға шығарылғанын алға тартып, жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы депутаттық сауалы да сайлаушыларға ақжолдық кандидат пен партияның коррупциямен күрес бойынша позициясының жүйелі екендігін көрсетіп, саяси ұпай жинауға да мүмкіндік берді.
Ерекше назар аударатын тағы бір жайт – Еспаеваның бағдарламасында “Ақ жол” партиясының шенеуніктердің оффшордағы банк шоттары жайлы құпияның күшін жоятын заң қабылдауды мақсат тұтатындығы айтылған. Осылайша, Д.Еспаева іс жүзінде жемқорлықпен күресте шелек жалағандармен қатар, айран ішкендердің де жауапқа тартылуын көздейді.
Дания Еспаеваның президент болуына не кедергі?
Жоғарыда аталған артықшылықтарына қарамастан Д.Еспаеваның алдағы сайлауда жеңіске жетуіне бірнеше кедергі бар. Біріншіден, дəл қазіргі қазақстандық саяси жүйеде Н. Назарбаевтың таңдауы түскен адам ғана президент бола алады. Ол адамның кім екенін бəріміз жақсы білеміз.
Екіншіден, біздің патриархалды ортада əйел адамның жоғары лауазымды саяси қызметке келуіне қоғамдық санадағы қарсылықтың деңгейі əлі де болса өте жоғары.
Үшіншіден, Д. Еспаеваның сайлау кампаниясында əрбір дауыс үшін жүргізіліп жатқан күрестің белгілері байқалмайды. Құлшыныстың төмендігіне бəйгеде шаппай жатып жеңімпаздың алдын-ала белгілі болуы да себеп болуы мүмкін. Алайда ақжолдықтар алдағы парламент сайлауының ауылы алыс еместігін естен шығармауы керек.
Төртіншіден, əлеуметтік желі мен мессенджер дəуірінде Дания Еспаеваға электоратпен тиімді байланыс орнату үшін өзінің əлсіз тұстарын күшейту мақсатында жұмысты жасауы керек. Бұқарамен жұмыс бойынша коммуникациялық қабілеттерін шыңдау сайлаушылар арасында Д.Еспаеваның саясаткер ретінде тартымдылығын арттыра түсетіндігі сөзсіз.
P.S. Қорыта айтқанда, “Дания Еспаева” бейнесіндегі жемқорлықтан таза, өз ісінің кəсіби маманы, өмір жолындағы кедергілерді жеңе білетін кандидаттың президенттік қызметке бүгін қол жеткізбесе де, оның саяси сахнаға шығуы сайлаушылардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, əзірше көлеңкеде жүрген жаңа форматтағы саясаткерлердің өз күшіне деген сенімін күшейте түседі деп сенеміз.
Автор: Дұп-дұрыс жігіт (Абас-шаx Серіктің інішегі)